Үкімет тасқын қаупі жоғары 5 өңірде дайындықты күшейтті
Бес өңірде көктемгі су тасқыны қаупі жоғары. Үкімет жағдайды бақылауға алып, мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді.
Астана, NEGE. Республикалық штаб отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар 5 өңірде, атап айтқанда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында табиғи жағдай күрделі екенін айтты. Бұл аймақтарда мұз қабатының қалыңдығы 4 см-ге дейін жетіп, топырақтың қату тереңдігі 2 м-ге дейін барған.
Осыған байланысты Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Үкімет басшысы көктемгі тасқын кезеңіне дайындық барлық деңгейде күшейтілуі тиіс екенін атап өтті.
«Экология министрлігі күнделікті гидрологиялық мониторинг пен ауа райы болжамын қамтамасыз етсін. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті дауылды ескертулерді шұғыл жеткізіп отырсын»,– деді премьер-министр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов басқаратын ведомствоға су қоймаларының толу көлемін болжамдық деректерге сәйкес реттеу және олардың жағдайына тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды. Қажет болған жағдайда алдын ала әрі қауіпсіз су жіберу шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар көрші мемлекеттермен трансшекаралық су айдындары бойынша тұрақты ақпарат алмасу ұйымдастыру міндеттелді.
Көлік министрлігі жолдардың, көпірлердің және су өткізу құбырларының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуі тиіс.
Өңір әкімдіктеріне су тасқынының алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Елді мекендерден қарды алдын ала шығару, қауіпті аумақтарды топырақ үйінділері мен қорғаныс бөгеттері арқылы бекіту, сондай-ақ азық-түлік, жанар-жағармай және дәрі-дәрмек қорын дайындау қажет. Бұл жұмыстар қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуі тиіс. Қажет болған жағдайда өзендерде мұз жару жұмыстары ұйымдастырылып, еріген қар суына қарсы инертті материалдар дайындалуы керек.
Төтенше жағдайлар министрлігіне азаматтық қорғау күштері мен техниканың жедел әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, құтқару топтарын, оның ішінде әуе кемелері арқылы тасымалдау алгоритмдерін жаңарту және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау мәселесін пысықтау міндеттелді.
Көктемгі су тасқыны кезеңіндегі үйлестіру жұмыстары премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.