Үкімет Нұра топтық су құбырын реконструкциялауға резервтен 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары аясында Үкімет резервінен Нұра топтық су құбырын реконструкциялауға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Алматы, NEGE. Бүгінгі таңда ұзындығы 337 шақырым Нұра топтық су құбыры – Ақмола облысының Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың баламасыз жалғыз су көзі. Бұл ретте 1967 жылы салынған магистральдық желінің пайдалану уақыты тиісті мерзімінен 2 есе асып кеткен. Су құбырының тозуы 90%-ға жеткен. Әсіресе, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының аумағы арқылы өтетін учаскеде жағдай күрделі. Ол жердегі негізгі құрылыстарды дереу ауыстыру және реконструкциялау қажет.
Қаулы Премьер-Министрдің 2024 жылғы 14 мамырдағы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Үкімет резервінен қаражат Нұра топтық су құбырын (1-кезек, 1 және 2 іске қосу кешендері) қайта жаңартуға бағытталады. Бұл құрылыс-монтаж жұмыстарын, техникалық және авторлық қадағалауды қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарында су қоймаларын салу көзделген.
Сондай-ақ жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарда бар.