Үкіметте студенттерді жатақханамен қамту мәселесі қаралды
Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Жиында студенттік жақахналардағы орын тапшылығы мәселесі талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің баяндауынша биыл 11 мың орындық 37 нысан пайдалануға беріледі. 1400 орындық 4 жатақхана жоспарлы мерзімінде салынады. Қазір «Астана медицина университетінің» жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алматыда 400 орындық жатақхана салу және 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу жұмысы қарқынды. Үкімет басшысы 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, биыл жоспарланған 37 нысанның барлығын мерзімінде тапсыруды міндеттеді. Бұған ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрлері, облыс әкімдері тікелей жауапты екенін атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Көптеген университеттердің басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Сырттан келген жатақханамен толық қамтамасыз ету оқу орындарына қойылатын негізгі талаптардың бірі. Алайда Ғылым және оқу-ағарту министрліктері бұл жағдайды толығымен бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмысы жеткіліксіз.
"Ауыл аманаты" бағдарламасын іске асыру жайы пысықталды
Штаб отырысы барысында Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мәселесі де қаралды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлу көзделген. Осының арқасында 17 мың шағын несие беріліп, 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылады. Әлихан Смайылов облыс әкімдіктеріне берілген қаражаттың толық игерілуін, олардың мақсатты пайдаланылуын қадағалауды тапсырды.