Үкіметте балалардың мәдени және ойын-сауық демалысын, бос уақытын ұйымдастыру мәселесі қаралды
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселелер талқыланды.
Алдағы күндері мектеп оқушылары оқу жылын аяқтап, көптен күткен жазғы демалыстарына шығады. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін Үкімет балалардың демалысын тиімді өткізуіне баса назар аударады. Сол себепті балалардың каникул кезінде сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру күн тәртібіндегі аса маңызды жұмыс.
Биылғы жылдың ресми деректеріне сәйкес 3,7 млн-нан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды. Ал, 172 мың оқушы алтын ұя мектептерінен түлеп ұшады. Олардың ішінде оқ бойы озық болған 6,8 мың түлек «Алтын белгіге» үміткер.
Жоғары сынып оқушылары каникулға шықпастан бұрын қорытынды емтихандарын тапсырады. Ол жылдағы дәстүр. 2-13 маусым аралығында 9-сынып оқушылары қорытынды емтихандарын тапсырады. Сынақ 4 пән бойынша жүргізіледі. 11-сыныптың түлектері үшін 5-19 маусым аралығында 5 пән бойынша емтихандар өтеді.
Үкімет таратқан деректерге сай, жазғы каникулмен, сауықтыру шараларымен 1-сыныптан бастап 10-сынып оқушыларының 85%-дан астамы қамтамасыз етіледі. 500 мыңға жуық бала әлеуметтік осал санатқа жатады. Шамамен 2,8 млн баланы қамту жоспарда бар. Жазғы лагерьлердің дайындығы қызу жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы балалар демалуға келетін жаңа маусымға дайын. Қазіргі таңда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала сыртында 218, мектеп маңында 10 мыңнан астам лагерь дайын.
«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімдерін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр балалардың спорттық, шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына жағдай жасалу керектігін айрықша атап өтті. Сол себепті жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын
Үкімет басшысының айтуынша, балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерінің, 100 инновациялық шығармашылық орталығының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Аталмыш нысандар 2026 жылы қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, аталған жайттың кемшін тұстары да айтылды.
«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», — деді Әлихан Смайылов.
Бала – болашағымыз. Сол себепті, балаларымыздың алаңсыз оқып-білім алуына жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Балаларға бағытталған әртүрлі шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны дұрыс. Жеткіншектеріміздің қауіпсіздігін де басты назардан тыс қалдырмау керек. Өйткені олардың өміріне тікелей қоғам, ата-ана жауапты.
«Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын ұйымдастыру бойынша жүргізілетін жұмыстардың ретін баяндады.
«1 маусым мен 31 тамыз аралығында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру кезеңі басталады. Жазғы демалыс және сауықтыруымен 1-10 сыныптар аралығындағы 85,3% (2,8 млн бала) оқушыны қамту жоспарлануда, оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар. Қазіргі таңда лагерлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары жүргізілуде» – деді Оқу-ағарту министрі.