25 Қараша 13:46
...

Үкімет отставкаға кете ме? Депутаттар жауап берді

Фото:

Ертең, 26 қарашада президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына екінші рет ант береді. Оның алғашқы инаугурациясы осыдан 3 жыл бұрын болған еді.

2019 жылы 70,96 пайыз дауыс жинаған Тоқаев бұл жолы 81,31 пайыз дауысқа ие болды. Енді 7 жылға сайланған Мемлекет басшысының жасау керек жұмыстары мен басты назарға алатын салалары қандай болмақ? Президенттің жолдауында айтылған тапсырмалар орындалды ма?

Осы сұрақтардың төңірегінде NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттарының пікірін білген еді.

Жанарбек ӘШІМЖАН:

Үкімет тарапынан кемшіліктер бар

– Сайлауалды бағдарламада айтылған ең басты бағыт – халықтың әлеуметтік мәселесі. Бірінші соны шешу керек. Жер қойнындағы игіліктердің барлығы, 18 жасқа дейін балаларға бөлінетін дивидендтер, әр адамның жеке баспанаға қол жеткізуі, денсаулық, білім саласындағы жасау керек шаруалар, қаншама уәделер айтылды. Соның бәрін іске асыру үшін Үкіметпен бірге отырып, қатаң түрде жұмыс жасау керек.

Біздің Үкімет дәл осылай ұзын арқан – кең тұсау, сиырқұйымшақтандырып жұмыс істейтін болса, ол жобалар жүзеге аспайды.

Президенттің тапсырмалары толықтай жүзеге асып жатқан жоқ қой? Үкімет тарапынан біраз кемшіліктер бар. Президент қаншама рет тапсырма берсе де, бағаны ауыздықтай алған жоқ. Девальвация 70-80 пайызға, 1,5-2 есеге дейін өсіп кетті. Шәкіртақы, жалақы көтерілгенімен, баға өмір сүру дағдымызға сәйкес болмай тұр. Тоқаевтың өзі алда Парламент сайлауы болатынын айтып өтті. Үкімет отставкаға кететін шығар. Толық құраммен кетпесе де, мемлекет басшысы ішінара кадрлық өзгерістер жасайды деп ойлаймын. Бұл – өте керек шешім. Өйткені Үкіметтегі ауыл шаруашылық, ұлттық экономика, денсаулық, өңірлердегі жолдың сапасына жауап беретін инфрақұрылым болсын, әрбір салалық министрліктің өз жауапкершіліктері толық орындалмай отыр.

Біз өңірлерді аралап жүрген кезде халықтың Үкіметке деген үлкен реніші барын байқадық. Ол сайлауда да көрінді. Атқарушы билік, аймақтағы әкімдіктер, заң шығарушы орган, Үкімет, осылардың барлығы жүйелі жұмыс істей отырып, халықтың талап-тілегін орындауымыз керек қой. Дәл қажет кезеңде салалық министрліктер ақсап қалады.

Ал Президентке келетін болсақ, ол өз бағдарламасында айтылған мәселелерді түбегейлі шешеді. Кеше халық сол үшін сенім артты. Заң шығарушы орган Парламент, біз оған бар күшімізді салып көмектесеміз.

Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ:

Үкіметтің отставкаға кетуі шарт емес

– Сайлаудан кейін елдің өмірінде үлкен өзгерістер болатынын осы бастан айта беруге болады.

Мәселе келесі жылдың көктемінде өтетін Мәжіліс, мәслихат сайлауында ғана емес, Президент сайлауынан кейін де кадрлық, ұйымдық өзгерістер болатындығы анық деп ойлаймын. Соған байланысты Президент жекелеген өзгерістер болатындығын айтты.

Бірақ Үкіметтің отставкаға кетуі шарт емес. Оның отставкаға кетуі Мәжілістің жаңа сайлауынан кейін ғана болады. Дәл қазір ондай қажеттілік жоқ деп ойлаймын.

Әрине, оны Президенттің өзі шешеді. Ал алдағы салалық дамуға қатысты айтатын болсам, негізгі мәселе экономика болуға тиіс. Сонымен қатар елдегі әділеттілікті орнықтыру жөніндегі жұмыс жалғасады деп ойлаймын.

Демократиялық реформалар да ары қарай жалғаса түседі. Нақты айту қиын. Бірақ өзгерістер болатындығы анық. Және олардың елеулі өзгерістер екені анық.

Бақытбек СМАҒҰЛ:

Ойланып та болды, тойланып та болды...

– Президенттің бағдарламасы, жолдауы болсын, қарапайым халықтың әлеуетін, әлеуметін көтеруге негізделген. «Әділетті Қазақстан» деп бекер айтылып жатқан жоқ. Сондықтан үлкен өзгеріс болуы тиіс. Ал егер орындалмайтын болса, ол жайдан-жай сөз берген болады. Сөз бермеу керек, сөз берген соң өзгеру керек. Оны қарапайым халық көз көру керек. Соны күтіп отыр барлығы.

Халық қазір – қырағы. Соқыр емес. Ал оны «соқыр» деген адам өзіне ғана қараңғылық жасайды. Сондықтан қазіргі жағдайда Үкіметтің не Парламенттің өзгертілуі не таратылуы болсын – өзекті мәселелер.

Президент бүгін ғана болып жатқан жоқ қой. Бірінші рет сайланған кезде де оның керемет бағдарламалары болды. Бірақ оның іске аспай қалғандары да бар. Кім оны жасамай отырған?! Қарапайым халық емес. Олар қолдап отыр. Демек, Үкімет пен біздің мына Парламент. Егер елдің үкілеген үміті өшпесін десек, түбегейлі өзгеріс жасауымыз керек.

Мысалы, ең алғаш президент болған бағдарламасында Тоқаев: «2023 жылы қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының үлесі 77 пайызға өседі», – деді. Ал ол болды ма? Кім оған кедергі жасап отырған?!

Әліппенің ішіндегі әріптерді білмейтін министрлік өкілдерін көріп жүрміз. Егеменді елін елсінбеген, мемлекеттік тілді менсінбеген адамның мемлекеттік қызметте істеуге еш хақысы жоқ. Міне, депутаттар дәл сондай талап қоюға тиісті.

Төбедегі төрелер төмендегі бұқара халықпен мемлекеттік тілде сөйлеспейінше, ол – іске асуы неғайбіл. Үкіметтің, мемлекеттің азаматтарының барлығы да сол тілде сөйлеуі керек. Ең бірінші кезекте – осы. Қазір бәрі шегіне тіреліп тұр.

Кешегі қаңтар оқиғасы мысалы. Бар мәселе көміліп-көміліп келіп, бұрқ ете қалған жоқ па?! Президент бұл бағдарламасында айтып отыр: «Барлық заңдарды жүрекпен сездім», – деп. Оны орындаудың шарты – тек қана жұмыс істеу. Ойланып та болды, тойланып та болды. Енді бәрін қолға алатын кез.

Тегтер: