ҮКІМЕТ, КАДР САЯСАТЫ, САЯСИ РЕФОРМА: Үш түйткілдің түйіні бір

Билік өткел үстінде ат ауыстырмауды жөн көрген секілді. Сондықтан Әлихан Смайлов бастаған министрлер кабинеті өз орнын сақтап қалды. Өзгеріс болмасын сезсе де, бұл шешім көп сарапшыға ұнап отырған жоқ. Бұған түрткі болған жайт, әрине, жаңа да, ескі үкіметтің инфляция мен шарықтаған бағаны ауыздықтауға қауқарсыздығы.
Экономистердің дені бұл үкіметтің жұмысына «екі» деген баға беріп отыр. Ел болса, өзгеріс күтеді. Өзгерістің болмауына не себеп? Кадр тапшылығы ма, әлде мойын бұрғызбаған басқа да жайттар бар ма? Бұл жөнінде саясаттанушылардың өз айтары бар.
Самат НҰРТАЗА, Мәжіліс депутаты:
Күзге дейін уақыт беріп отыр
– Мен үшін бұл күтпеген жағдай болған жоқ. Себебі, Әлихан Смаилов бастаған министрлер кабинеті кезінде Президенттен нақты тапсырма алған еді. Олардың мұны екі-үш айда орындап шығуы мүмкін емес. Бұл кісілерге соны соңына дейін орындауға мүмкіндік берген сияқты. Өз басым биыл күзде бұл адамдардың біразы ауысады деп ойлаймын. Күзге дейін уақыт беріп отыр.
Президенттің кадр резерві бар. Ол жерде талантты жастар, білімді, білікті мамандар бар. Олар бірнеше жылдан кейін жоғары лауазымдарға келе бастайды.
Соның қатарында Асхат Оралов, Зүлфия Сүлейменова да бар. Бұлар – өте жас адамдар. Алғашқы қарлығаштары деп те есептеуге болады.
20 әкімнің бәрі бірдей ауысады деп айта алмаймын. Десе де, әкімдер ауысып жатса, таңқалмаймын. Кейбір аймақтарда шешілмеген мәселелер бар. Президент басқа адамдар керек деп шешсе, әкімдер ауысуы әбден мүмкін.
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:
Кадр мәселесі жалпы басқару жүйесіндегі түйткілді көрсетіп беріп отыр
– Премьер-министр орнында қалды, оның орынбасарлары да өзгермеді. Бірді-екілі министр ғана қызметін ауыстырды. Мұны үкімет ауысты деп айтуға бола ма? Жоқ. Жай ғана кадрлардың орны алмасты.
Бұл нені көрсетеді? Басқару жүйесінің жетілмегенін байқатады. Кадр мәселесі үлкен проблема болып тұр. Дамыған мемлекеттерде сайлау өткен соң үкімет өзгереді. Бізде бұл жоқ. Бұдан тағы да: «Олай болса, сайлауды неге өткізді?» деген екінші сұрақ туады.
Дегенмен, бізде супер президенттік жүйе қалды. Сайлауды өткізу-өткізбеу, министрлер отставкаға кете ме, жоқ па, оны тек қана президент шешеді. Бір сауалдың өзінен бірнеше сұрақтың басы қылтиып шығып жатыр. Кадр мәселесі жалпы басқару жүйесіндегі түйткілді көрсетіп беріп отыр.
Демек, бізге саяси реформа керек. Оның жасалу мерзімдері нақты көрсетілуі тиіс. Үкіметте ешқандай өзгеріс жоқ. Жаңа адамдар келмеді. Кімнің депутат болатынын да билік шешті. Сауал көп, жауап жоқ.
Үкімет тек қана қағаз жүзінде өзгерді. Іс жүзінде «баяғы жартас – бір жартас». Жаңа кадрларсыз елімізде өзгеріс болады деп айта алмаймын.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
Оппозицияны тартса, кадр мәселесі бірден шешіледі
– Бізде кадр тапшылығы жоқ. Болса, жасанды түрде ғана. Оппозицияда қанша мықты жігіттер жүр. Соларды тарту керек. «Оппозиция деген жау емес. Қазақстанның патриот жігіттері» деп ұдайы айтып жүремін. Әрине, олардың билікпен келіспейтін тұстары бар. Неге олардың потенциалдарын пайдаланбасқа?
Бір кездері Назарбаевқа ұнамай қалған, бірақ үкіметте қызмет атқарып жүрген кездерінде өзін-өзі дәлелдеген қаншама мықты азаматтар жұмыссыз жүр. Соларды тартса, кадр мәселесі бірден шешіледі.
Әлихан Смайлов бір жарым жылдай уақыт ішінде батыл қадамдарға барып, өзін көрсетуі тиіс еді. Бұрынғы министрлердің бәрінің орнында қалуы дұрыс емес.
Қазақстанның құрып жатқаны – ел тізгіні ескі адамдарға тиіп отыр. Назарбаев кланының қылы да қисайған жоқ. Тек Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды ғана түрмеде. Қалғандарының бәрі билікте жүр. Мұндай жағдайда ешқандай Жаңа Қазақстан болмайды. Ешқандай өзгеріс болмайды.
Қоғамды өзгертетін реформалардың бағдарламасы жоқ. Ол туралы жұмған ауыздарын ашпайды. «Мынаны былай істейік деп едік, инфляцияны мынадай жолмен тоқтатып, азық-түлік бағасын былайша арзандатамыз» деген жоспарын айтқан да емес.
Міне, енді жанармайды қымбаттатпақ. Бұл – енді бәрі қымбаттайды деген сөз. Қоғамда бәрі бір-бірімен байланысты. Бөлек тұрған нәрсе жоқ. АИ-92 маркалы жанармай 180 теңге болса, енді 200 теңгеден асып жығылмақ. Мұндай жағдайда инфляция қалай тоқтайды?
Құры сөз, халықты алдау әлеуметтік жарылысқа әкеліп соғады. Халықтың ашу-ызасын тудырады. Әлеуметтік жарылыс болса, қоғам жуық арада қалыпқа келмейді. Көп жылдарға кері кетеді. Ұлтаралық соғыс, территорияға талас болады. Құдай сақтасын, Қазақстанды бөлшектеу үрдісі басталуы да ғажап емес. Мемлекет бұған жол бермеуі керек.