17 Қараша 16:01
...

Үкімет «аса қауіпті штаммдар коллекциясын» Жамбыл жерінде сақтамақ!

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Кейде бюрократиялық құжаттарды да оқып отыру керек екен! Мәселен, бізде заң және үкіметтік құжаттар жобаларын талқылауға арналған арнайы портал бар. Оның аты баршаға мәлім: E-gov, яғни «Мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат».

Осы жерде нормативті-құқықтық актілер жобаларына арналған бөлім бар. Дәл осы жерде ертеңгі күні қабылданатын құжаттардың нұсқасы жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылады. Шынын айту керек, күнделікті күйбең тіршілік қамымен жүріп, сол ресурсқа көп мән бере бермейміз.

Міне, күні кеше бір құжаттарды іздеп отырып, үкімет қаулысының мынадай бір жобасына көзім түскені.

Ресми аты мынадай: «Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2225 қаулысына өзгерістер енгізу туралы».

Былай қарасаң, түк те қызығы жоқ құжат. Бірақ бір ой келді. Әдетте, кез келген жаңа құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) болады. Онсыз құрылыс жүргізудің өзі – екі жақты қылмыс! Салынғалы тұрған нысанның техникалық һәм қаржылық жағы ақсап жатса, ол ертең қирап, ал қаржы берген-алған жақтар істі болуы мүмкін.

Сондықтан «ТЭН талап етпейтін ол не деген құдірет?» екен деп, құжатқа үңіле түстім.

Сөйтсем, осыдан 12 жыл бұрын үкімет қаулысымен бекітілген сол құжаттың «салыстырма кестесіне» тағы бір бап енгізіліпті.

Ресми атауы – «биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі ғылыми зертханаларын және қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жер асты қоймаларын салу».

Айналайын, үкімет! Басқа-басқа, бірақ дәл осындай, биологиялық тұрғыдан аса қауіпті қоймаларға дәл сол техникалық негіздеме ауадай қажет емес пе?!

Онсыз да экологияның бар зардабын тартқан (тартып та келе жатқан!) Қазақстанда ТЭН-сіз ондай аса қауіпті нысан салу барып тұрған жауапсыздық емес пе?!

Ондай құрылыс техникалық жағынан абсолютті түрде мінсіз болуы керек емес пе?!

Бұған дейін елімізде ондай зертхана салынатынын естімеппін. Сондықтан құжатқа одан сайын үңіле түстім.

Сөйтсем, үкімет ол қойманың қай жерде салынатынын анықтап қойыпты. Жобада былай дейді: «ҚР Премьер-Министрі орынбасарының 25.10.2021  жылғы №21-06/05-2986 тапсырмасы негізінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жерасты қоймасы бар BSL-4 биоқауіпсіздік зертханасын (бұдан әрі – зертхана) салу жөніндегі жобаны іске асыруды қамтамасыз ету».

Гвардейский ауылы. Фото: ғаламтордан.

Өз аулында осындай зертхана салынатынынан ол жақтың тұрғындары хабардар ма екен? Үкімет барып, олармен ақылдасты ма? Ол жерде отандық вакцина шығаратын зауыт бар екені белгілі. Зауыт пен зертхананың айырмашылығы елге түсіндіріліп жатыр ма? Өз уәждерін айтты ма? Қоғаммен ақылдаспай қабылдағалы тұрған шешімдерін шенділер негіздеп берді ме?

Құжаттың осы тұсында ТЭН неге қажет болмай қалғаны да айтылыпты: «Ұсынылған өзгерістер зертхананың құрылысын тездету үшін қажет. Жобалау және құрылыс процесін 2022 жылы бастау жоспарланып отыр, алайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу және бекіту жөніндегі талап бұл процесті кешіктіруі мүмкін».

«Асыққан – шайтанның ісі» боп жүрмей ме? Салған ЭКСПО-сының төбесі түсіп, тұрғын үйлер картон үй секілді құлап жатқанда, қоймадағы бомбалары тапа-тал түсте жарылып жатқан бұл «құрылысшы-үкіметке» сенім де жоқ!      

Құжатта: «Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді» деп жазылыпты.

Оны мемлекет салмағанда, кім салады? Жеке компания ма? Шетел ақшасы болса, онда қай мемлекетке өзіміздің аса қауіпті әрі стратегиялық маңызы бар нысанымызды сеніп тапсырғалы жатырмыз?

Әлде қаржы үкіметтің резервтік қорынан алына ма? Әлде КОВИД-ке қарсы күреске арналған арнайы қаржы қоры тағы бар ма?

Осының бәрін ашық айту керек халыққа!

Құжатта: «Қаулы жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды».

Оны кім анықтапты? «Әлеуметтік» деген ұғымның аясы кең емес пе? Оған «қоғамдық» деген түсінік те енбейді емес пе? Осындай, жабық жағдайда қабылданып жатқан шешімге онсыз да ұстараның жүзінде отырған қоғамның белгілі бір бөлігі қарсы шықса ше? Сонымен бірге, «қауіпсіздік салдары» дегенді бұл үкімет неге ойламайды?

Менің бұл жобаға соншалықты шүйлігуім – ешқандай да фобия емес!

Зертхана салынсын. Тәуелсіз елдің осындай арнайы нысандары болуы тиіс. Өз вакциналарымызды зерттеуге, сақтауға ондай дүние керек екені түсінікті.

Бірақ, меніңше, екі шарт орындалуы тиіс.

Біріншіден, сол жақтың тұрғындарының келісімі керек. «Естігісі келетін» мемлекет оны түсінер деп ойлаймын. Әгәрәки, ондай келісім болмай жатса, ондай арнайы зертханаға халқы тығыз орналасқан Жамбыл облысы секілді өңірден емес, аумағына бес Франция сыйып кететін қазақтың кең байтақ жерінен бір орын табылар.

Екіншіден, ондай аса қауіпті нысандардың техникалық негіздемесі бар жағынан мінсіз болуы тиіс!

Құдай сақтасын, жаман айтпай, жақсы жоқ, ертеңгі күні ол ғимараттан бір кінәрат шығып жатса, не істейміз?!

P.S. Арнайы порталмен жұмыс істеп ұққан тағы бір нәрсем бар. Билік «осы порталға жарияласақ, азды-көп пікір алсақ, мәселені шешкен боламыз» деген ойдан арылуы керек! Әрине, жобалардың да жобасы болады. Оның бәрін бүкіл қоғам боп, талқылаудың да қажеті жоқ болар. Бәлкім, кейбір жобалар таза кәсіби не басқа сипатты болып, көпшілікке қызықсыз болар. Бірақ, халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына тікелей қатысты осындай резонансты жобалар басқалардан бөлек, мейлінше жария түрде,  БАҚ пен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылануы керек деп санаймын.

Тегтер: