9 Сәуір 10:23

Үй жануарларын чиптеу бағдарламасы іске қосылды

Фото:

Мегаполистегі қаңғыбас жануарлардың санын ізгілікті түрде реттеудің 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі үй мысықтары мен иттерін тегін чиптеу бағдарламасын қайта іске қосты.

Алматы,  NEGE. Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы қалада 15 мың үй жануарын қамту жоспарда. Чиптеу рәсімін шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық ветеринариялық қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ветеринариялық дәрігерлері жүргізеді.

Жануарлардың иелеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында ветеринариялық қызмет жеке сектордың әр ауласын аралап жүріп қарауды және аудан әкімдіктерімен бірлесіп чиптеу бойынша көшпелі бригадалардың жұмысын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Алматы қаласының кез келген тұрғыны ветеринариялық қызметтің Сall-орталығына, телефоны +7 708 595 6401, тапсырыс бере отырып, өзінің үй жануарын чиптеуді жүргізе алады. Иттер мен мысықтарды чиптеудің шектеулі жасы 2 ай.

Чиптеу – бұл бірегей 15 таңбалы нөмірі бар жануарлардың (иттердің, мысықтардың) микрочипін имплантациялау болып табылатын электрондық бірдейлендіру. Жануар және оның иесі туралы барлық ақпарат (бірегей код) «Pet Control» қалалық деректер қорына енгізіледі. Бағдарлама қаладағы жануарлардың есебін дұрыс жүргізу және жоғалып кеткен үй жануарының иелерін жедел іздестіру үшін қажет.

Бұдан басқа, чиптеу рәсімі үйсіз жануарлар санының өсуіне қарсы күрес жүргізудің ең тиімді шарасы. Қаңғыбас жануарлардың санына әсер ететін жайттардың қатарына иелерінің тарапынан болатын жауапсыздық, оларды бақылаусыз өсіру, азық базасын іздестіру мақсатында қаңғыбас жануарларды Алматы облысының аумағынан көшіру жатады.

Еске салайық, ҚР 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес, республикада үй жануарларын чиптеу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, міндетті.

Тегтер: