USD
USD
USD

ҰБТ-да қандай жаңашылдықтар бар?

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа жағдайда өткізуге дайындық мәселесі қаралды.

ҰБТ-да қандай жаңашылдықтар бар?
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Дайындық жұмыстары туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады. Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 17 рет өткізіледі. Осы кезең аралығында тестілеуге 2 млн-ға жуық адам қатысты. А. Аймағамбетов атап өткендей, 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында). ҰБТ форматы өзгертілген жоқ, 5 пән бойынша қағаз түрінде: 3 міндетті және 2 бейіндік пән бойынша өткізіледі. Барлық тест тапсырмаларының саны – 120, максималды балл – 140. «2020 жылғы 15 сәуірден 13 мамырға дейін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер қабылданды. Осы жылы өтініштер онлайн форматта, сондай-ақ, өтініштерді қабылдау пункттерінде қабылдау жолымен қабылданды (интернеті жоқ немесе әлсіз жылдамдықтағы интернеті бар қашықта орналасқан ауылдық өңірлер үшін). Осы жылы ҰБТ-ға қатысу үшін 111 мың адам өтініш білдірді, өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға жоғары», – деді білім және ғылым министрі. ҰБТ-ға қатысу үшін барлығы 131 755 өтініш тіркелді, оның ішінде 110 678 өтініш онлайн форматта және 21 077 өтініш қабылдау пункттерінде қабылданды. «ҰБТ бекітілген мерзімде 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатал түрде сақтау арқылы 161 ҰБТ өткізу пункттерінің базасында өткізіледі», – деді А. Аймағамбетов. 

Биыл ҰБТ тапсыру ережесіне енгізілетін жаңашылдықтар: ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды онлайн тапсыру және кіру кезінде бет-әлпетін тану көмегімен (Face ID) тұлғаны сәйкестендіру; ҰБТ электрондық сертификатын және білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлікті енгізу; SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тесттерінің балдарын ҰБТ балына аудару шкаласын енгізу. Көрсетілген сертификаттарға ие тұлғалар ҰБТ тапсырудан босатылады және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады;  академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған, ҰБТ шектік балын жинамаған түлектер жыл ішінде ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие; педагогикалық даярлау бағытына түсушілер үшін ҰБТ шектік балын 70 балға көтеру; ҰБТ өткізу бейнежазбасының сараптамасын өткізу және оқуға түсушілердің тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесін, сондай-ақ, білім беру грантын жою; Сондай-ақ түлектерге тест тапсыру орындарында калькуляторлар берілетін болады және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа өзгертілетін болады. 

Бұған қоса ата-аналарға және басқа алып жүруші тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. «Ата-аналарға ҰБТ өткізу барысын қарау үшін онлайн таратылым жасалады. ҰБТ өткізу пункттері баррикадалық ленталармен қоршалады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі тестіленушілердің арасында 2 метр қашықтық сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл қашықтық ҰБТ тапсыру кезінде де сақталады. Ғимаратқа кіру есіктері және ҰБТ өткізу процесі видеобақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі», – деді білім және ғылым министрі.  161 ҰБТ өткізу пункттерінде 50% толтырумен 1200 аса аудитория іске қосылады. Коронавирус инфекциясының таралу қауіпін азайтуға арналған зарарсыздандырудың 5 шарасы қолданылады:  тест тапсырушыларды зарарсыздандыру тоннельдерінен өткізу;  аяқ-киімдерді арнайы зарарсыздандыру кілемшелерімен өңдеу;  қолды санитайзермен тазалау;  дене қызуын өлшеу;  бір реттік маскаларды беру. 

ҰБТ өткізу кезінде тест тапсырушыға ұялы байланыс құралдарын және басқа да радиоэлектрондық байланыс құралдарын кіргізуге тыйым салынады.  «Тестілеу материалдары 100% басып шығарылды, барлық аудиториялар бейне бақылаумен және ұялы байланысты 100% басатын құрылғылармен жабдықталды. ҰБТ өткізу пункттерінде бейне көрсетілімі бар мониторлар орнатылды. Мемлекеттік және апелляциялық комиссияның құрамы бекітілді», –  деді А. Аймағамбетов.  Өңірлердің Бас санитарлық дәрігерлерімен келісілген қатал санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және ҰБТ-ға кіру кезі мен өткізу барысында тестіленушілердің арасында 2 метр қашықтықты сақтай отырып ҰБТ тапсыру жоспары әзірленді.

Қазір оқып жатыр

Марихуана тартып, айыппұл арқалаған қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінді

Конституциялық сот

Қазақстандық шенеуніктердің Эпштейн ісіне қатысы бар-жоғы әлі тексеріліп жатыр

Қадағалаушы орган

Қарағанды облысында 13 жастағы бала іздестіріліп жатыр

 Рыс Бибарыс

Ерболат Досаев тағы бір қызметінен айырылды

Ерболат Досаев