USD
USD
USD

«ҰБТ-дан 125 балл жинағанымен, грантқа ілікпеді»: жетісулық ата-аналар шағымын жеткізді

Жетісу облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде 120-дан жоғары балл алған түлектердің кейбірі мемлекеттік грантқа іліге алмай, тегін білім алу мүмкіндігінен қағылды. ҰБТ-да жоғары балл жинаған түлектердің ата-аналары көмек сұрап, Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінді.

ҰБТ
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. «Информбюро» тілшісінің хабарлауынша, мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, ҰБТ-дан 120 балл алған жетісулық талапкер Жансая Шаму бес бірдей жоғары оқу орнына өтініш қалдырғанымен, оның бірде біріне грант ұтып ала алмаған. Түлектің анасы қызының жоғары балл алғанына қарамастан, ақылы бөлімде оқитынына наразы.

«Мен көпбалалы анамын. Қызымның мектептегі нәтижелері өте жақсы. ҰБТ-дан 120 балл жинадық. "Алтын белгі" де бар. Бес университетті таңдадық. Сондықтан грантқа өтеміз деп ойладық. Бірақ нәтиже шыққанда ешқайсысына түспегеніміз белгілі болды. Сонда жоғары балл алып тұрып, ақылы оқимыз ба? Әділетсіз ғой», – дейді Балпық би ауылының тұрғыны Елена Хохлова.

Жетісу облысында оннан аса талапкер Жансаяның күйін кешіп отыр. Барлығы мектепті үздік аяқтап, ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсеткенімен, грант иегерлерінің тізіміне ілікпеген.

Ата-аналар грантқа ілігу үшін жоғары баллдан басқа қандай талап болуы мүмкін екенін білмей дал. 

Талдықорған қаласының тұрғыны Александр Белов университеттердің іріктеу талабы түсініксіз екенін айтады. Баласы 125 баллмен мемлекеттік білім грантына өтініш бергенімен, тегін оқуға түсе алмаған.

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мемлекеттік грант ала алмаған түлектердің дені шет тілі мен медицина бағытын таңдағанын айтады. Олардың айтуынша, бұл мамандықтарға талап та қатал, грант саны да шектеулі. Сондықтан ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған талапкердің өзі де тегін білімге қол жеткізе алмауы мүмкін. 

«Ең алдымен, ҰБТ-ның белгіленген шекті балы тек конкурсқа қатысуға рұқсат ету шарты екенін бірден ескеру қажет. Бұл ретте нақты өтпелі балл тікелей конкурс кезінде қалыптасады және гранттар саны мен қатысушылардың нәтижелеріне байланысты болады. Егер бірнеше талапкердің балы бірдей болса, заңда көрсетілген басымдықтар ескеріледі. Алдымен "Алтын белгі" иегерлеріне, кейін басқа да белгіленген артықшылықтарға ие талапкерлерге басымдық беріледі», – дейді ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаева.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік грант бұйырмаған талапкерлер қазақстандық жоғары оқу орындары ұсынып отырған екі мыңнан астам жеке грантқа өтініш бере алады.

Қазір оқып жатыр

Ерлан Қарин вице-президент ретінде немен айналысады

Конституция жобасын талқылау

Мұрат Баймұқашев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратын басқарады

.

Әскери қызметшілерге қызметтен кетерден алты ай бұрын жұмыс табуға көмектеспек

Әскерилер

Н. Төреғалиев: Ақ Жайық өңірі көрші елдердегі қандастармен тұрақты байланыс орнатып келеді

Форум