Уәлибек Әбдірайымовқа Қоянбаевтың «Қазақша бизнесі» НЕГЕ ұнамай жүр?
NEGE тілшісі өнер ордасының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымовқа хабарласқан еді. Үнемі ойын ашық айтудан танбайтын Уәкең бұл жолы да тартынып қалмады.
«Нұржан мен Жұлдызай өз балаларым сияқты»
– Желтоқсан айының басында «Шаншардың» кезекті кешін бергелі жатыр екенсіздер. Дайындық барысы қалай?
– Біз негізі Шымкент қалалық сатира театрында жұмыс істейміз ғой. Сондықтан жылына бір рет жаңа қойылымдармен халықтың арасына шығып тұратынымыз бар. Бұл өнер ошағында шаншарлықтар тегіс өнер көрсететін болғандықтан, кешімізді «Шаншар» театрының атынан ұсынамыз. Биыл көрермен алдына «Проблема жоқ» деген атаумен шықпақпыз.
Күні кеше ғана көркемдік кеңестің алдында қойылымдарымызды көрсеттік. Бұйырса, ел ішіне шығармашылық сапарға аттанамыз. Үлкен қалаларға табан тірегенімізде қатарымызға біраз танымал әнші қосылды. Олар бүгінде өз алдына әндерін жазып, дайындық жасап жатыр.
– Айтпақшы, сіздің фонограммамен ән салатын әншілерді суқаныңыз сүймейтінін білеміз. Сондықтан «Шаншарда» шырқайтын әншілерге жанды дауыста ән салу басты талап болар?
– Ондай талабым бар.
Бірақ телеарналар келіп түсіргенде жанды дауыстың дыбыстық ағымы техникаға түсіруге келе бермейтінін, сондықтан эфирге шыққанда олқылық көрініп қалатынын айтып жатады. Осыны да ескереміз.
Дегенмен, биылғы кешімізде «Алатау серілері» түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен жаны дауыста ән шырқап, кешіміздің көркін қыздырады.
– Әріптесіңіз Жүсіп Ақшораның жағдайы қалай?
– Ол кісі берген тапсырмамды орындай алмай, мұрынынан шаншылып жүрген жайы бар...
– Сонда, еңсере алмайтын қандай ауыр міндет артып қойдыңыз?
– Ол кісі, қызық қылғанда, мектеп те де, техникумда да ағылшын тілін оқымаған екен. Сол жағынан қиналып жатқан жайы бар.
– Өзіңіз түлеткен Нұржан Төлендиев пен Жұлдызай Дүйсенбиеваның сіздерге деген аман-сәлемі түзу ме?
– Өте жақсы. Олар да балам сияқты ғой.
– Бір кездері Жұлдызай «Шаншардағы» ағаларымды ренжітіп кеткеніме өкінемін» деп қалды. Осыны ескеріп, қарындасыңызды қайта театр құрамына шақыру ойда жоқ па?
– Жұлдызайым бүгінде өз алдына жеке театр болып қалыптасты ғой. Сондықтан ат басын бұрып, Шымкентке қайта келеді деп айта аламаймын.
– Десе де бұрынғы шаншарлықтардың басын қосып, бір «шулатып» көрмейсіздер ме?
– Ондай ұсынысты Нұржан айтқан болатын. Егер тұщымды сценариі болса, мен қарсы емеспін. Дайындық жасайтын ғимарат та жоқ емес. Сондықтан бұл мәселе жігіттердің өзіне байланысты.
– Биыл театр құрамына сырттан қосылған жаңа актерлер бар ма?
– Құрамымызға Бидәулет деген баланы алдық. Талантты актер, арасында ән де салады. Өзіңіз білетіндей, «Тамаша», «Шаншар», «Алдараспан», «Өнер қырандары» деген сияқты театрларға көбіне жастар бара бермейді. Неге десеңіз, мұндай театр атаулының тыныс-тіршілігі қиын, оның үстіне актерлік шеберлікке қойылатын талап та күшті. Сондықтан қазіргі әзілге құштар жастардың дені жарасы жеңіл «Жайдарман» мен КТА-ға жүгіреді. Себебі ол жақта жеңіл әрі жылдам әзілдер айтылады.
Кезіндегі сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүретін машинаға олардың пысқырып та қарамайтыны секілді мысал ғой.
«Жүкең екеумізің мақсатымыз – жамбасымыз жерге тигенше, қазақы қалжыңға қызмет ету»
– «Шаншарға» қандай да бір жаңашылдық қосылды ма?
– Заман ағымына ілесемін деп басқа елдің тілі мен мәдениетіне жармасудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Егер Қазақстандағы 19 миллион халықтың жоқ дегенде 15 миллионын қазақ тілінде сөйлеуге жұмылдырғанда, өз табиғатымызға сай қазақи қалжыңдарымыз ұшталып, әндерміз тыңдалып, басылымдарымыз оқылатын еді! Ертең сайлауда өтірік қол соғып отыратын шенеуніктер осыны о баста ойлау керек еді.
Жайдармандықтар мен КТА-лықтар айып етпесін, олар бар болғаны ресейлік «КВН» жобасының көшірмесі. Қазақы қалжыңдары сол көшірменің көлеңкесінде қалып жатыр. Жастардың осындай арзан күлкіге әуестеніп, байыбына бармай отырғанына жаным ауырады.
Керек десеңіз, көптеген телеарналардан соларға арнайы бағдарлама да ашып беріп қойған. Осы мәселені өздеріне айтсаң: «Ойбай, көре алмады, бізді керек десең үкіметтің өзі қолдап отыр!», – деп шығады. Артында партия қолдап отырған соң олар желпінбей қайтсін?!
Айналайындар, мен ешкімді көре алмайтындай жаста емеспін, қазір жасым болса алпыстан асты. Анығын айтсам, асарымды асап, жасарымды жасадым. Жүкең екеумізің мақсатымыз да сол – жамбасымыз жерге тигенше, қазақы қалжыңға қызмет ету.
– Өнер мен мәдениетте мәдениет қалыптастыру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– «Өнер алды қызыл тіл» деген. Егер тілді түземесек, мәдениет мәдениетті түрде дамымайды. Қазіргі түсіріп жатқан кинофильмдердің өзінде боқтық сөз қарша борайды. Ал тілін қазақша-орысша шұбарландырып жіберген. Оның өзінде туған тілімізді табанға таптап, түк білмейтін мақаудың тілі етіп көрсетеді. Табысты кәсіпкерлер мен сұлу қыздар, қаланың көрікті жігіттері орысша сөйлейді екен де, тесік туфли кигендер қазақша сөйлейді-міс. Мұндай туындыны көрген жастар, туған тіліне жиіркеніп қарамағанда қайтеді.
Осындай кинолар түсіріп жүрген бір продюсерге айтып едім, пәлеге қалдым ғой. «Көкем өзі де ақша үшін концерт беріп жүр ғой» деген сыңайдағы әңгіме айтыпты. Мен қай концертімде орысша араластырыппын?!
Анау Жан деген актерді алған екен, шамасы қазақша білмейді-ау ол кісі. Сонда Қазақстанда Байжанбаевтан басқа қазақша сөйлейтін актер қалмаған ба?..
– Нұрлан Қоянбаевты айтып отырған боларсыз... Әлі ашулысыз ба?
– Жоқ, жастарды жобасына еліте алады екен, неге қазақтың дәрежесін көтеретін, ұлттық идеологияға ұйытатын деңгейдегі дүние жасамасқа?!
Манағы айтқандай, фильмдер түсіріп алады да «біз Голливудтан асып кеттік» дейді. «Қыз Жібекті» боқтатып, орысша сөйлетпей-ақ әлем көретін туынды жасамадық па?! Тұщымды туынды таспалау үшін небір сценаристерді шақыруға қаржысы да жетеді ғой. Шедевр жасағымыз келсе, ұлттың беделін жерге таптатпайтын, қазақ болудан қашырмайтын дүние жасайық. Менің айтпағым осы.
«Ешқашан сайлауда дауыс берген емеспін»
– Сіз үнемі қоғамдағы келеңсіздіктерге ашық пікір айтып жүрсіз. Осы ретте алдағы кештегі қойылымдарыңыздан Қаңтар оқиғасы мен кезектен тыс өтпек сайлау тақырыбы қалыс қалмайтын болар?
– Әрине, Қаңтар оқиғасын интермедия қылып қоймаймын, дегенмен тілге тиек ететінім бар. Қаңтар оқиғасы болмағанда, жаңа Қазақстанға өтпей, әлі де әділетсіз қоғамда жүруші ме едік?! Неге біз бір Қазақстанды бөліп-жарып қарастыруымыз керек? Осындай мәселелерге миым жетпейді.
– Қазіргі биліктің «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегенінен үміт күтесіз бе?
– Мақтауға келгенде алдына жан салмайтын бір дептутат көкем: «5 маусым күні республикалық референдум болады. Қалмай келіңіздер! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды», – деп көпіріп тұр дейді. Сөйтсе, алдында тұрған көп журналистің бірі «сонда референдумнан кейін не болады, толығырақ тоқталып өтсеңіз» десе: «6 маусым болады» десе керек.
– Президент сайлауында дауыс бересіз бе?
– Мен ешқашан сайлауға қатысып, дауыс берген емеспін. Биыл да бармаймын. О бастан шешіліп, ұпайы түгенделіп қойған дүниеге не үшін барып, алтын уақытымды бөлуге тиіспін?!
Олар өз шаруасын бітіріп жатыр ғой, мен де өз жұмыстарымды бітірейін...