Уақыт келді. Тоқаев зейнетақыға жинаған ақшаға кімнің үй алатынын келесі аптада хабарлайды
Бүгін үкіметке берілген мерзім аяқталды. Естеріңізде болса, зейнетақы қорындағы қаржыны тұрғын үй алуға пайдалану бойынша үкімет 1 шілдеге дейін мемлекет басшысына барлық ұсыныстарын пысықтап, өткізу керек болатын.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкімет тарапынан бірнеше ұсыныстың Ақордаға берілгенін мәлімдеген еді. Бірақ үкіметтен бөлек тәуелсіз сарапшылар да, экономика бойынша кеңесшілер де өз ұсыныстарын дайындап, Президентке жеке кіргізген. Бүгін біздің Ақордадағы ақпарат көзіміз, келесі аптада осы мәселе бойынша нақты шешім шығып, қазақстандықтарға жарияланатыны туралы хабарлады.
Оңай біте салатын тірлік емес. Себебі, енді мемлекет басшысы осы ұсыныстардың бірін таңдауы тиіс. Ал таңдаудың оңай болмайтыны анық. Зейнетақы жинақтарын баспанаға қолдану моделін әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанда, топтың жұмысында дау туған болатын. Президент кеңесшісі Олжас Құдайбергенов үкімет атынан жұмыс істеп жатқан Біржан Нұрымбетов пен Тамара Дүйсенованың істеп отырған тірліктерімен келіспей, жұмыс тобынан шығып кеткен еді. Ол туралы Nege.kz жақсы жазған.
Тақырыпқа орай: Олжас Құдайбергенов: Президентке жеке кіремін
Президент кеңесшісі өзінің нақты қандай параметрлермен ұсыныс дайындап, Ақордаға кіргізгенін көпшілікке жариялай қойған жоқ. Сондықтан бізге мәлімі, үкімет дайындаған модель. Оны таныстырған кезде, министр Біржан Нұрымбетов былай деген:
"30 жастағы ер адамдар үшін өз жинақтарын пайдаланудың жеткіліктілік шегі 6,7 миллион теңгені құрайды делік. Кейінгі 33 жыл ішінде ол өзінің зейнетақы жарналарын әлі де жинай алады. 50 жастағы ер адамдар үшін бұл шегі жоғары және 7,2 миллион теңгені құрайды".
Демек, егер Президент үкімет ұсынысын таңдаса, онда 30 жастағы ер адамдар 6,7 млн теңгеден артық жатқан ақшаны, ал әйелдер 9,6 млн теңгеден артық ақшаны шешіп алып, үй алуға жұмсай алады.
Енді келесі аптаны күтейік. Жалпы, халықтың өз зейнетақы жинағын өзі қолдана алу мүмкіндігі үлкен әлеуметтік құбылыс. Бұған Қасым-Жомарт Кемелұлының халықтың жағдайын өзгеден жоғары қоятын жақсы қасиеті арқасында қол жетіп отыр. Себебі, естеріңізде болса, осы күнге дейін зейнетақы қорында жатқан біздің ақшаны тек ірі бизнес, кәсіпорындар мен банктер сүлікше сорып келген еді.