Уәдешіл әкім Есқалиев өзі үлгі алмаққа басшы іздеп жүр

Батыс Қазақстан облысының халқы Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға жиналғанда үш талап қойған еді. Соның бірі – облыс әкімі Ғали Есқалиевтің отставкасы. Тіпті БҚО тұрғындары «петиция» жариялап, облыс әкімін орнынан алып тастауды талап етті. Бірақ тұрғындар талабы ескерусіз қалған сыңайлы.
Еліміздің батысындағы ең өзекті мәселе – жол. Есқалиев әкім болып келгенде тұрғындарға және Президентке «жолды 2021 жылға дейін тақтайдай қыламын» деп уәде берген-ді. Әкімнің сол уәдесі желге ұшты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді»,– деп жол мәселесін БҚО әкіміне қадап тапсырған.
Алайда Президент тапсырмасынан әкім Ғ.Есқалиев еш нәтиже шығара алмады. Биыл көктемде Премьер-министр Ә.Смайылов Батыс Қазақстанға барған. Отставка жөнінде әңгіме гулеп, Есқалиевтің есі шыққаны осы кез. Алайда оған тағы азырақ уақыт берілген сыңайлы.
Дегенмен де «әне-міне отставкаға кетеді» деген әкімдердің тізімінде Есқалиевтің есім-сойы әлі де алдыңғы қатарда тұр.
Батыс Қазақстан облысында автожолдардың жалпы ұзындығы – 6176 км. Оның 1414 шақырымы – республикалық дәрежедегі жолдар санатында болса, ал 4762 шақырым жол жергілікті деңгейде.
Міне, осы республикалық жолдардың – 182 шақырымы, облыстық және аудандық жолдардың – 2887 шақырымы мүлдем қанағаттанарлықсыз. Жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады.
Ең көкейкесті мәселе – Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Орал қаласымен жалғайтын күре жолдың құрылысы 2019 жылы Президент тапсырмасымен басталған болатын. Жоба бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс 248 шақырымдық жолдың бүгінде 20%-ы ғана салынған. Мемлекет қаржысынан 2021 жылы 10,2 млрд. теңге қаражат бөлінген.
Бүгін ОКҚ-де журналистерге есеп берген БҚО әкімі Ғали Есқалиевке «жол мәселесі» туралы сұрағымызды төтесінен қойдық.
- Тақырыпқа орай: Есқалиевтің НЕГЕ есі шығып жүр?
«Жол құрылысының тоқтап қалуының негізі себебі – пандемия. Біріншіден, 2020 жылы пандемия басталып кеткендіктен, 8 млрд теңге ел бюджетіне қайтадан қайтарылды.
Екіншіден, мердігер компания жол жөндеудегі жұмысын тоқтатты. Биыл жол жөндеуді қайтадан қолға алдық. 2 жыл ішінде бітіреміз», – деп Есқалиев кезекті рет уәде берді.
Биылғы бюджеттен бөлінген қаржы 15 млрд теңге екен. 2021 жылы 10,2 млрд теңгеден анағұрлым көп. Мемлекет тарапынан тағы да қаржы бөлінуі мүмкін екен. Бұны әкім құрылыс материалдарының қымбаттауымен түсіндірді.
Сонымен қатар, орайы келгенде БҚО жұртын алаңдатқан «отставкаға петиция» мәселесін де қойып үлгердік. Әкімнің жауабы мынадай біртүрлі болды: «Петиция – жалпы адамдардың пікірі. Сындарлы пікірлер болса мен оны оқып, қабылдаймын. Қоғамның бәріне бірдей жаға алмаймын. Сондықтан әр түрлі пікір болады. Маған барлық халыққа жағатын әкімді көрсетіңіз. Мен содан үлгі алайын».