Уәде етілген сомадан аз ақша берген: Алматыда криптонесиеге қатысты алаяқтық дерегі тексерілуде
Қаржы мониторингі агенттігі криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен іске асырылған алаяқтық дерегі тергеліп жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Алаяқтық әрекеті Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы жүргізілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушылар адамдарды әлеуметтік желілерде тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама жариялау арқылы тартқан. Қарыз рәсімдеу үшін жеке басты сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған. Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық берілмеген.
Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.
«Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленген. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша тергеу жалғасып жатыр.