Ұлын заңсыз жұмысқа қабылдаған Тәрбие жұмысы орталығының директоры жауапқа тартылды
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының прокуратурасы балалар лагерлерінде тексеріс жүргізді.
Алматы, NEGE. Тексеру барысында «Тәрбие жұмысы орталығы» МКҚК директорының «Жас ұлан» балалар лагеріне білімі және біліктілігі жоқ, өзінің баласын жұмысқа заңсыз қабылданғандығы анықталды.
Сонымен қатар, белгіленген мөлшерден артық жалақы аударған.
Аудан прокуратурасы МКҚК директоры «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабының 1-тармағының 4-тармақшасы негізінде ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартты.
Артық аударылған жалақы мемлекетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, «Достық» балалар лагерінің ғимараты апатты жағдайда екендігі және балалар лагері өзінің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізгендігі белгілі болды.
13 лагерь жұмысшыларында тиісті медициналық рұқсаттары болмаған.
Сонымен қатар, балалар лагерінің меңгерушісінің жалған жұмысқа орналастыру арқылы бюджет қаражатын жымқырғаны және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғандығы анықталды.
Бәйтерек ауданы прокуратурасының бастауымен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қызмет бабын пайдаланып бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) және 190-бабының 2-бөлігімен (қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық) қылмыстық істер тіркелді.
Кейіннен мемлекетке келтірілген залалдың толық көлемде өтелуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.