28 Ақпан 13:06
...

Тұзкөлдегі трагедия: Күдіктілер қалай куәгерге айналды?

Күдікті
Фото: Фото: ғаламтордан

2023 жылы желтоқсанның 18-інен 19-ына қараған түні Алматы облысының Райымбек ауданы, Түзкөл ауылында аса ауыр қылмыс жасалып, ауыл тұрғыны Кәдірхан Әділбайұлы кісі қолынан көз жұмды.

К.Әділбайұлының туыстарының айтуынша, сол түні Жеңіс Жексенбеков, Ақылбек Жазықбаев және Мақсат Байсұлтанұлы үшеуі Кәдірхан Әділбайұлын жабылып ұрған. Мұны марқұмның өзі түнгі 12-лер шамасында үйіне келіп, жұбайы Арайлым Айдароваға айтқан. Бұған ұлы Әлихан мен қызы Кәусар куә. Жалпы К.Әділбайұлы мен күдіктілер Мақсат Байсұлтанұлы, Ақылбек Жазықбаевтың арасында арасында бұрыннан ерегес, жеке бас араздығы болған көрінеді...

NEGE редакциясына жолданған хатта бұл туралы былай дейді: «Екі жыл бұрын Мақсат Байсұлтанұлы жоғалған жылқыларын ешқандай негізсіз Кәдірхан Әділбайұлынан көріп, «сен ұрлап, сатып жібердің» деген. Бірақ жылқылары көп ұзамай Райымбек ауданының Қайнар ауылынан табылады. Сол кезде Кәдірхан Әділбайұлы бір жолыққанда Мақсат Байсұлтанұлына: «Менен көріп едің, жылқыларың табылыпты ғой!» деп ренішін айтады.

Одан кейін Кәдірхан Әділбайұлының қорасының жанындағы шөбі өртенеді. Сол кезде Кәдірхан Әділбайұлы учаскелік полицейге арызданып, «шөбімді Мақсат Байсұлтанұлы әдейі өрттеген болуы мүмкін» деген күдігін айтқан. Осы оқиғадан соң Мақсат Байсұлтанұлы Кәдірхан Әділбайұлының уатсабына балағат сөздер жазып, «байқап жүр!» деп қоқан-лоқы жасайды.

Осыған ұқсас оқиға Ақылбек Жазықбаев пен Кәдірхан Әділбайұлы арасында да болған. Кәдірхан Әділбайұлының баласы Әлихан мектепте доп ойнап жүргенде Ақылбектің баласы екеуі бір-біріне соғылып қалып, Ақылбектің баласы әкесіне «мені Әлихан ұрды» деп жеткізеді. Осыдан соң үйінде ата-анасы жоқ кезде Ақылбек Жазықбаев Кәдірханның үйіне келіп, Әлихан мен туысы Бақдәулет Дәуренұлы екеуін соққыға жығады. Осыдан соң Кәдірхан Әділбайұлы мен Ақылбек Жазықбаев арасында да кикілжің болған. Бұл туралы Кәдірхан Әділбайұлының жұбайы Арайлым Айдарова айтып отыр.

Марқұм
Кәдірхан Әділбайұлы. Фото: жеке архивтен

Қылмыстық оқиға болған желтоқсанның 18-і күні Ақылбек Жазықбаев, Жеңіс Жексенбеков және Дәурен деген жігіт үшеуі Кәдірхан Әділбайұлының таудағы шаруашылығына түс ауа барған. Бұл уақытта К.Әділбайұлы 7-сынып оқитан баласы Әлихан екеуі моншаға түсіп жатады. Ақылбек Жазықбаев пен Дәурен екеуі атқа мініп, тауға кетеді. Моншадан шыққан Кәдіржан мен баласы Әлихан көлікте мас болып ұйықтап жатқан Жеңісті көрген. Олар малдарын қоралап болған кезде Ақылбек пен Дәурен келеді. Содан бәрі көлікпен ауылға келеді.

Кәдірхан Әділбайұлының үйіне жақындағанда ұйқысынан оянған Жеңіс Жексенбеков оған «жақында алған келініңді жу, бір шөлмек арақ ал» дейді. Кәдірхан Әділбайұлы оның ұсынысынан бас тартады. Сол кезде Жеңіс: «Қазір Мақсатты шақырсам бір жеріңді айырады», – деп қорқытпақ болады. Баласын үйіне қалдырған К.Әділбайұлы Ақылбек, Жеңіс үшеуі барып, дүкеннен бір шөлмек арақ алады. Сосын Мақсатты шақырып, төртеуі Ақылбектің үйіне барып арақ ішеді. Арақ таусылуға айналғанда Жеңіс Тілеулес және Елбар деген жігіттерге телефон шалып, тағы бір шөлмек арақ алдырады. Тілеулестің айтуынша, арақ ішіліп болған соң бәрі далаға шығады да, Елбар екеуі кетіп қалады. Сол жерде Ақылбек, Жеңіс, Мақсат және Кәдірхан төртеуі қалған. Оқиғаның одан ары қалай өрбігені белгісіз.

Белгілісі – К.Әділбайұлы үйіне түнгі он екі шамасында келген. Үстінде жұқа кимі ғана бар, көзі көгерген, құлақ тұсы қанталаған. Үйге кірген бойда «сол иығым шаншып барады» деп жантайып жата кетеді. «Не болды?», – деп сұраған жұбайына: «Мақсат, Ақылбек, Жеңіс үшеуі жабылып ұрып кетті, ертең көрсетем оларға!», – дейді.

Жұбайы учаскелік полицейге, жедел жәрдемге хабарласқан. Алайда олардың бәрі таңғы сағат бесте бір-ақ келеді. Ал К.Әділбайұлының демі үйіне келген соң шамамен жиырма минуттан соң үзілген.

Таңда келген полицейлер аттары жоғарыда аталған үш күдікті мен өзге де куәлерді ұстап, аудандық полиция бөліміне әкетеді де, марқұмның мәйітін полицейлер мен туыстары Алматы облысының Шонжы ауылындағы сараптама орталығына апарады. Сараптама қорытындысы бойынша, «сол жақтағы сегізінші, тоғызыншы қабырғалары сынып, өкпесіне кірген, соның салдарынан қайтыс болған» деген қорытынды шығарады.

Алматы облысы
Фото: ғаламтордан

20 желтоқсан күні марқұмның үлкен ағасы Көшкінбай Әділбайұлы аудан орталығы Нарынқолға барып, Райымбек аудандық ІІБ-не күдіктілер Ақылбек Жазықбаев, Мақсат Байсұлтанұлы және Жеңіс Жексенбековтер екенін атап көрсетіп, арыз жазады. Арызды тергеуші Қанат Есдәулетұлы қабылдап алған. Алайда ол Ақылбек Жазықбаев пен Мақсат Байсұлтанұлын куәгер ретінде тіркеп, Жеңіс Жексенбековті ғана сот санкциясымен қамауға алады.

К.Әділбайұлын жерлеген соң бұл жағдайдан хабардар болған жәбірленушінің туыстары Райымбек аудандық ІІБ-не тағы арыз жазады. Онда да негізгі күдікті ретінде Ақылбек Жазықбаевты, Мақсат Байсұлтанұлын және Жеңіс Жексенбековті көрсетеді. Алайда бұдан да іс өзгермейді. Бұған наразы болған жәбірленуші тарап адвокат Нұрхан Амангелдінің көмегімен Райымбек аудандық ІІБ мен аудандық прокуратураға үшінші арызды түсіреді. Осыдан соң «Еуразия» арнасының «Көреміз» бағдарламасының тілшісі барып, журналистік зерттеу жасайды. Зерттеу барысында сол күні Ақылбек Жазықбаев, Мақсат Байсұлтанұлы және Жеңіс Жексенбеков Кәдірхан Әділбайұлына күштеп арақ алдырып, Ақылбек Жазықбаевтің үйінде ішімдік ішкенін Тілеулес, Елбар деген жігіттер мен мектеп директоры Жандос Тұрдақынұлы растайды. Ал түнгі 22.30-дар шамасында 2-3 жігіттің «Шошайдың үйінің бұрышында ерегесіп, төбелескенін» Рүстем Жандосұлы мен Еңлік Жандосқызы көрген.

Міне, осындай дәлелдердің ешбірін тергеуші назарға алмады. Себебі Ақылбек Жазықбаев пен Мақсат Байсұлтанұлының аудандық, әлде облыстық прокуратурада таныстары бар көрінеді. «Олар бұған дейін жасаған қылмыстарын да сол танысының пәрменімен жасырып-жапқан» деген әңгіме бар.

Айталық, осы үшеуі екі жыл бұрын мектепті күрделі жөндеуден өткізіп жатқан құрылыс бригадасының құрлысшыларын ұрған. Тағы бір жыл бұрын сол ауылдағы Айдын Кәдіржанұлын жабылып ұрып, бір бүйрегін істен шығарған. Ал өткен жылы ауылға су тартып жүрген құрылыс бригадасының құрлысшылыарын ұрып, ауыр дене жарақатын салған. Бұл қылмыстары үшін ешбірі жазаға тартылған жоқ.

Марқұм Кәдірхан Әділбайұлы адал еңбегімен ауылдастары арасында сыйы артқан азамат еді. Ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша атсалысып жүретін. Енді міне, төрт баласы мен жесірі аңырап қалды. Ауыр қайғыны көтере алмаған шешесі де көп ұзамай көз жұмды. Жәбірленушілердің уәжіне құлақ аспаған, күдіктілерді куәгерге айналдырған тергеушінің мақсаты не? Бұл істі Алматы облыстық ІІБ мен облыстық прокуратура өз бақылауына алмаса оң шешімін таппайтын түрі бар».

Осы іске қатысты NEGE редакциясы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовке және Алматы облысының прокуроры Берік Адамовқа ресми сауал жолдады.