10 Шілде 14:15
...

«Түйе сұрап, бие алып...» – НАТО саммиті НЕГЕ Зеленскийдің көңілінен шықпады?

Вашингтон
Фото: REUTERS/Yves Herman

АҚШ, Германия, Румыния, Италия және Нидерланды жақын айларда Украинаға әуе қорғанысының ондаған қосымша жүйесін бермек. Қазірдің өзінде бесеуін жіберіп жатыр. Бұл туралы НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеді.

«Украина АҚШ экспорттайтын әуе шабуылына қарсы маңызды қорғаныс қондырғыларына алғашқылардың бірі болып қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Джо Байден.

Ақ үйдің ресми сайтында аталған елдердің ортақ мәлімдемесі жарияланды. Онда Киевке берілетін қару – төрт бірдей Patriot атты қосымша зениттік-зымырандық кешені және итальяндық SAMP-T жүйесі екені нақты көрсетілген. Бұдан бөлек, Украинаға NASAM, HAWK, IRIS T-SLM, IRIS T-SLS және Gepard секілді әуе қорғанысы жүйелерін жеткізуге ниетті екенін жасырмаған. АҚШ пен оның одақтастары Украинаның әуе қорғанысы үшін жалпы алғанда 1 миллиард АҚШ долларын бөлуді өз мойынына алып отыр.

Байден
Фото: ғаламтордан

Байденнің сөзіне қарағанда, бір жыл ішінде украин қалаларын Ресей зымырандарынан қорғайтын жүздеген қорғаныс қондырғылары жеткізіліпті. Одақтастар келесі жылы Киевке жүздеген зымыран құлатқыш жүйелерді жеткізуге уәде берді.

Джо Байден Украинаны бұдан әрі қарай да қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

«Путин Украинаны өзіне толық бағындырғысы келеді, Украина демократиясы мен мәдениетін құртып, оны картадан тұтас жойғысы келеді. Путин мұнымен тоқтамайтынын білеміз. Бірақ жаңылысудың да керегі жоқ: Украина Путинді тоқтата алады және тоқтатады да», – деп мәлімдеді Байден.

Сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға ұшып келді. Десе де, ол бұл көмекті місе тұтып отырған жоқ. Байденнің бұл жалынды сөздері көңілінен шықпағаны да аңғарылады. Батыстан «түйе сұрап, бие алып» жүрген наразылығын да жасырмады.

Зеленскийдің пікірінше, АҚШ бөлген Patriot-тардың көмегі бар, бірақ жеткіліксіз. Әуедегі айқас үшін жоқ дегенде Украинаға 128 F-16 жойғыш ұшақтары керек екен.

«F-16 мәселесі олардың саны мен жеткізілу уақытында болып отыр. Жақауратпай ашығын айтайықшы, F-16 туралы шешім болған. Ресей күн сайын Украинаға қарсы 300 ұшақпен ұрыс салып жатыр. Біздегі шешім 10-20 ұшақтың төңірегінде ғана. Тіпті, елу ұшақтың өзі түкке татымайды. Біз қорғанып жатырмыз. Сондықтан бізге 128 ұшақ керек», – дейді Зеленский.

НАТО
Фото: REUTERS/Lukasz Glowala

Оның айтуынша, мұншама ұшақсыз әуеде Ресейге қарсы төтеп беру – қиынның қиыны. Зеленский орыс әскерін Украинаның оңтүстігінен тықсыруға болатынын, бірақ ол үшін Украинаның қолда бар алысқа ататын қаруы мардымсыз екенін айтты.

«Жыланды жеті кессе де, кесірткедей қауқары болады» деген, Ресейің де оңай шағылатын жаңғақ емес. Reuters агенттігінің есебінше, Кремльдің әскери экономиканы кем дегенде 3-4 жыл ұстап тұруға шамасы бар. Ғайыптан тайып, аяқ астынан райынан қайтпаса, бұл – соғыстың осынша уақытқа созылар түрі бар деген сөз. Десе де, Ресейдің де түйткілі аз емес. Оқ-дәрі мен әскер санының жетіспеушілігі кең көлемді шабуыл бастауға мұрша бермей тұрған жайы бар.

Айталық, Ресей ай сайын 30 мың адамды әскер қатарына шақырады. Бұл майданда әскерді оңды-солды шығындауға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ кейбір аймақтарда тәжірибесіз, толық емес бөлімдерге орындалуы қиын міндетті атқаруға бұйрық беріліп жатқаны байқалады.

Кремль
Фото: ғаламтордан

«Нағыз шабуыл операциясын өткізу үшін Ресей басқа елдерден оқ-дәрі алуы тиіс. Қазірдің өзінде оны Ресей Иран мен Солтүстік Кореядан әкеліп жатыр. Путиннің енді қайтадан жаппай мобилизация жариялауға пәрмен беруден басқа амалы жоқ», – дейді Reuters-ке пікір білдірген америкалық әскери шенеунік.

Оның сөзіне сенсек, Украина қорғанысын соңғы кездері біршама жақсартып алған. Бірақ майдандағы әскер шығыны аз деуге келмейді. Сондықтан кең көлемді шабуылға көшу үшін бұл елге біршама уақыт пен көп күш керек.