Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 152 шағым келіп түскен
Солтүстік Қазақстан облысында 1-4 қазан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты республикалық іс-шара өтіп, 4 күн ішінде отбасының шырқын бұзған 152 адам анықталды.
Алматы, NEGE. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасына жергілікті полиция қызметінің 500-ге жуық қызметкері жұмылдырылды. Шара кезінде отбасының шырқын бұзып, берекесін алатындарды анықталды. Полицейлердің айтуынша, отбасында зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қайда хабарласуға болатындығы жөнінде, оларға қандай көмек көрсетілетіндігі туралы ақпарат жазылған буклеттер әзірленді.
Тіркеуде тұрған шаңырақтар назарға алынып, олардың әрқайсысымен әңгіме жүргізілді. Нәтижесінде «Тұрмыс» алдын алу іс-шарасы барысында тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуде тұрған 297 отбасы, барлығы – 2 421 адам тексерілді. Олардың 1 400-і маскүнем және 184-і нашақор. Операцияның 4 күні ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 152 дерек анықталды. Оның 74-інде зардап шеккендер полицияның кезекші бөлімдеріне және жергілікті полиция учаскелеріне өздері хабарласса, 78-ін полиция қызметкерлері үй-үйді аралау барысында анықтаған. Жыл басынан СҚО аумағында отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 1491 дерек тіркелді. 127 адам маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.