15 Наурыз 23:59
...

«Түрмеде тәртібі дұрыс болған» Сағынтаевтың бұрынғы күйеубаласы суицид жасады

банк
Фото: Фото: ғаламтордан

2020 жылы қара күзде RBK банктің бұрынғы басшылары Бақыт Ибрагим мен Жомарт Ертаев сот үкімімен кінәлі деп танылып, Ибрагим 8 жылға, ал Ертаев 11 жылға сотталған болатын. Бізге жеткен дерек бойынша, түрмеден босағанына көп болмаған Бақыт Ибрагим құзырлы органның кезекті тергеуінен соң суицид жасаған.

NEGE-нің тұрақты оқырманының хабарлауынша, Б.Ибрагим Алматыдағы үйінде өлі күйінде табылған көрінеді. Біз естіген әрі нақтыланбаған ақпаратқа қарағанда, түрмеден босағанына көп болмаған Б.Ибрагим Қаржы мониторинг агенттігінің Qazaq Вank-не қатысты кезекті тергеуінен соң өзіне қол жұмсаған. Бұл атышулы банк бұған дейін белгілі олигарх Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі болғаны белгілі.

Бақытжан
Фото: ғаламтордан

Естеріңізге салайық, Бақыт Ибрагим – экс-премьер әрі Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеубаласы. Сондай-ақ ол банкротқа ұшыраған Qazaq Вanki-нің акционері болды. Дәл осы банк ісі бойынша Б.Ибрагим сегіз жылға, Ертаев он бір жылға сотталған болатын. Алайда апелляциялық сот сатысы екеуінің де мерзімін қысқартып, біріне жеті жыл, екіншісін тоғыз жыл жаза кескен. Қылмыстық іс бойынша қырықтан астам адам жауапкершілікке тартылды. Бұл іске қатысты тергеу барысында үш адам жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Өткен жылдың соңында Б.Ибрагим Қонаев қалалық сотына өтінім беріп, өзін қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстыруды сұраған. Сот оның жұмсақ мінезін, еңбекке икемділігін, белсенділігін ескеріп, өтінімін қанағаттандырған болатын. Колонияда ол метал бұйымдарды өңдеу бойынша жұмыс істеген. Кейіннен тәртібі дұрыс болған Ибрагимді сот мерзімінен бұрын түрмеден босатқан еді.

Бақытжан
Б.Сағынтаев. Фото: ғаламтордан

Естеріңізге салайық, Б.Ибрагимнің тәркіленген мүлкілерінің бірі – аса сирек әрі өте қымбат қолсағаты «Richard Mille» (400 млн теңге – ред.) жарты бағасына аукционда сатылғаны туралы NEGE бұған дейін де жазған болатын.

Мерзімінен бұрын босаған Б.Ибрагимнің не үшін суицид жасаған әзірге белгісіз. Бізге белгілісі, осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

NEGE порталы ҚР Бас прокуратурасына және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне осы іс бойынша ресми сауал жолдайтын болады.