Турлы схемалар. НЕГЕ капиталдың елден қашуында брокерлер де рөл ойнайды?
Елдегі ірі брокер – «Фридом Финанс» компаниясының 2021 жылғы табысы 9 миллиард теңгеден асты. Оның иесі – олигарх Тимур Турлов. Сарапшылардың есебінше, компанияның биылғы табысы одан да көп болады. Елдегі олигархтардың капиталдарын алып шығуға құлшыныстары бар екенін ескерсек, олар брокерлерді осы мақсатқа пайдалануы әбден мүмкін.
«Фридом Финанс» былтырғы табысының басым бөлігін құнды қағаз сыйақыларынан алды. Бұл – шамамен 7,6 миллиард теңге. Таза брокерлік жұмысынан ол бар-жоғы 3,5 миллиард теңге тапты. Андеррайтерлік оған 1,8 миллиард теңге, ал маркет-мейкер қызметі 95,5 миллион теңге кіріс әкелді. Бірақ, 2022 жылғы «Қаңтар трагедиясынан» кейін Қазақстанда отырып, әлемдік нарықтардан құнды қағаздар сатып алуға деген қызығушылық күрт артуы мүмкін. Басы артық кэшті осы жолмен сыртқа шығарып алуға әбден болады. Және ол брокерлердің де комиссиялық бизнесін жандыратыны сөзсіз.
«Фридом Финанс» АҚ 2021 жылдың 4 тоқсанына қарасты табыс пен шығын есебі. Дереккөз: almaty-ffin.kz
Бірақ, қаржысын сыртқа шығарамын деген бай-бағыландар асығамын деп опық жеп қалуы ықтимал.
Мәскеуде азаматтардың 30 миллиард теңгеден астам қаржысын жинап алған QBF инвестициялық компаниясының басшылығы ұсталды. Тергеу амалдары олардың қаржы пирамидасы мен алаяқтыққа қатысын анықтамақ. QBF арқылы жиналған қаржының біразы FFIN BROKERAGE SERVICES INC (Белиз) оффшорына аударылып отырған. Ол компанияның «Фридом Финанс» акционерлік қоғамына қатысы болды.
-
Тақырыпқа орай: AQR-ға ілікпей тұр. ҚНРДА НЕГЕ «Фридом Финанс Қазақстан» банкіне қырын қарай бастады?
«Коммерсанттың» жазуынша, алаяқтық әрекет жасады деген күдікпен ұсталғандар инвесторлардан қаржы жинап, оны үш шетелдік компанияның есеп-шотына аударумен айналысқан. Олардың бірі – Белизде тіркелген FFIN BROKERAGE SERVICES INC.
ҚНРДА қазір ««Фридом Финанс» операцияларын қатаң бақылауда ұстап отырғаны сөзсіз. Себебі, екі бірдей тәуекел бар. Бірі – азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі, екіншісі – елдегі заңсыз жиналған капиталдың сыртқа қашуы. Осы екі тәуекел де брокерлер қызметімен тығыз байланысты болып отыр.