Түркістандық студенттер «Қажымұқан» фильмінің шығармашылық ұжымымен кездесті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында «Орда» тарихи-танымдық студенттік клубының ұйымдастыруымен қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріне арналған «Қажымұқан» фильмінің көрсетілімі өтті.
Түркістан, NEGE. Іс-шараға фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин және басты рөлді сомдаған актер Диас Төлепберген арнайы қонақ ретінде келді.
Фильмнің көрсетілімі басталмас бұрын, университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры Еділ Төлегенов сөз сөйлеп, Қажымұқан Мұңайтпасұлы сынды тарихи тұлғалардың өмір жолы әрқашан өзекті екенін атап өтті.
«Қажымұқан Мұңайтпасұлы сияқты ұлы тұлғалардың өмір тарихы қанша уақыт өтсе де, өз құндылығын жоғалтпайды. Әсіресе, біздің университетіміз секілді жастарға білім мен тәрбие беретін оқу орындарында мұндай туындылардың көрсетілуі оларды тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Сондықтан «Қажымұқан» фильмінің шығармашылық ұжымына уақыт бөліп, бізге қонаққа келгендері үшін алғысымызды білдіреміз», – деді.
Вице-ректор сөз соңында шығармашылық ұжымға университет атынан арнайы естелік сыйлықтар табыстап, оларды сахнаға шақырды.Фильмнің режиссері мен актері университетіміздің студенттеріне фильмнің түсірілу барысы, шығармашылық процесс және Қажымұқанның өмірін экранда бейнелеу кезіндегі қызықты жайттар туралы әңгімеледі.
Фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин: «Түркістанға келе жатып Темірлан ауылындағы Қажымұқан музейіне фильмдегі чемпионның белдігін табыстадық. Қажымұқанның басына барып, құран бағыштадық. Студенттермен кездесуге мүмкіндік беріп, университетке шақырған және осы кездесуді ұйымдастырған ұжымға көп рақмет. Біздің жас ұрпақ ұлттық рухқа толы осындай туындыларды көбірек көрсе екен деген тілегім бар», - деп, жас актер Диас Төлепбергенге сөз берді.
Диас Төлепберген фильмде Қажымұқанның жас кезін, ал туған ағасы танымал тұлғаның ересек кезін сомдаған.«Фильмді тамашалап отырғанда таңғалып қалмасын деп алдын ала айтып қояйын дедім. Мен Қажымұқанның бозбала кезін, ал туған ағам Ербол Төлепберген ересек кезін сомдады. Бүгін замандастарыммен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Фильм жақсы әсер қалдырып қана қоймай, студенттерге ой түюге себеп болады деп үміттенемін», - деді актер.
Айта кетейік, «Қажымұқан» фильмі – қазақ халқының мақтанышы Қажымұқан Мұңайтпасовтың тағдыры мен ерліктерін баяндайтын шабыттандыратын өмірбаяндық туынды. Фильмде оның қарапайым ауыл баласынан әлемдік аренада аты шыққан әйгілі балуанға айналған жолы әсерлі суреттелген. Көрермендер Қажымұқанның күреске толы өмір жолын көре отырып, оның тек спорт саласындағы жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік кедергілер мен стереотиптерді қалай жеңгенін тамашалады. Фильмде балуанның жеке өмірі, оның отбасымен қарым-қатынасы, Қазақстандағы спорттың дамуына қосқан үлесі де кеңінен көрсетілген. Құштарлық пен қайсарлық туралы бұл хикая көрермендерге ұлт рухының мызғымас күші мен тарихи мұраның құндылығын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Фильмді тамашалаған студенттер ерекше әсерге бөленді. Олар Қажымұқанның қайсарлығы мен табандылығын жоғары бағалап, өздерінің де үлкен мақсаттарға жетуге деген сенімдерін нығайтты. Әсіресе, Қажымұқан Мұңайтпасовтың әлем чемпионы атанған сәтінде бүкіл зал қол шапалақтап, сол бір тарихи сәтті өз көзімен көргендей әсерде болды. Көрсетілім соңында студенттер режиссер мен актерге алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Бұл шара жастар үшін ұмытылмас рухани тәжірибе болып, олардың тарихи тұлғаларға деген қызығушылықтарын оятты.