23 Қазан 11:20
...

Түркістандық ғалым, жазушы Құлбек Ергөбек мемлекеттік сыйлық иегері атанды

Құлбек Ергөбек
Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Түркістан, NEGE. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлық:

1. ақын Нұржан Светқалиға – «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы үшін; 

2. жазушы Ергөбек Құлбек Сәрсенұлына – «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы үшін;

3. авторлық ұжым Бапанов Әлібай Қалтайұлы мен Бапанова Сәуле Сыздыққызына – «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары топтамасы мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін;

4. суретші Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлына – «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы үшін берілді.

Құлбек Ергөбек – 1952 жылы, 26 желтоқсанда Түркістан облысы, Отырар ауданында туған. ҚазМУ-ды 1975 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында және Республикалық халық шығармашылығы үйінде зертханашы, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, «С.Мұқанов мемориальдық музей-үйінде» әдіскер, ғылым бөлімінің басшысы, республикалық газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактор, бас редактор болған.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде доцент, профессор ретінде еңбек сіңіріп, «Қазақ әдебиеті», «Түрік халықтары әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, декан, вице-президент, 1-вице-президент болып білім саласына да үлес қосып, шәкіртер тәрбиелеген.

Филология ғылымдарының докторы, түрколог-ғалым, Халықаралық академиялардың мүшесі. Ұзақ жылдан бері ел руханиятының дамуына үлес қосып келеді.

Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды: «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.