7 Қараша 12:11
...

Түркістандағы «Келешек мектебі» оқушылары ұлттық нақышта киінеді

Түркістан Облысының Білім Басқармасы
Фото: Түркістан Облысының Білім Басқармасы

Ұлттық киім – халықтың мәдениеті мен рухани болмысының ажырамас бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де қолдану маңызды екенін бірнеше рет атап өткен. Осы бастаманы қолдай отырып, Түркістан облысындағы бірқатар білім беру ұйымдары қазақы нақыштағы мектеп формасын енгізе бастады.

Солардың қатарында Түркістан қаласында «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған №32 жалпы білім беретін мектеп бар. Қазіргі таңда білім ордасында 2100 оқушы білім алып, 172 педагог қызмет етеді. Өңірдегі алғашқы келешек мектептің директоры Айгүл Бабашева бастаған ұжым ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастаманы бірден қолдап, мектеп формасын қазақы нақышта әзірлеуді қолға алған.

Мектеп басшылығының айтуынша, бұл шешім ата-аналар тарапынан да толық қолдау тапқан. Жаңа үлгідегі форма ҚР БҒМ №26 бұйрығына сай әзірленіп, заманауи талаптар мен ұлттық ерекшелікті үйлестіре білген. Басты мақсат – оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қазақы болмысты күнделікті өмірде қалыптастыру.

Бастауыш сынып оқушылары ою-өрнекпен әдіптелген жекет пен тақия кисе, жоғары сынып оқушылары қазақы өрнекпен безендірілген жекетті классикалық үлгідегі киіммен үйлестіріп киеді. Ұстаздар қауымы да бұл бастамадан тыс қалмай, әр аптаның жұма күндері ұлттық киіммен сабақ өткізуді дәстүрге айналдырған.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында ұлттық киімге деген құрметті қалыптастыру, киім мәдениеті арқылы ұлт тарихы мен дәстүрін ұлықтау, сондай-ақ эстетикалық талғамды дамыту. Бұл бастама жас ұрпақтың өз мәдениетіне деген мақтаныш сезімін арттырып, ұлттық киім мен заманауи стильдің ерекшеліктерін салыстыра білуіне мүмкіндік береді.