17 Қараша 13:18
...

Түркістанда жастарға арналған «BASTAU TALKS» қоғамдық лекциясы өтті

Түркістан облысы
Фото: Түркістан облысы

Түркістанда «BASTAU TALKS» қоғамдық лекциясы аясында актриса, жүргізуші, блогер Жазира Еркін мен актёр, жүргізуші, блогер Исраил Даулет, сонымен қатар ақын, журналист, республикалық, аймақтық жыр мүшайраларының жүлдегері, «Дүниеге келер әлі талай Қасым» мүшайрасының жеңімпазы Бауыржан Ерман «Достық үйі» ғимаратында жастармен кездесті.

Түркістан, NEGE. Жазира Еркін шығармашылық жолындағы алғашқы қадамдары, актерлік өнердегі қиындықтар мен жеңістер, блогерліктің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы баяндап, жастарға әрдайым ізденісте болуды ұсынды. Ол өз тәжірибесінде кездескен қиындықтарды жеңудің маңызын атап өтіп, әр жетістікке табандылық пен еңбек арқылы жетуге болатынын айтты.

Исраил Даулет журналистика және медиа саласында жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, әртүрлі жобалардағы белсенділігі, актерлік шеберлікті дамытудағы қадамдары туралы сөз қозғады. Ол жастарды өз мақсаттарын айқындап, сеніммен әрекет етуге шақырып, медиа мен өнер саласындағы мүмкіндіктердің кеңдігін атап өтті.

Бауыржан Ерман шығармашылық шабыт пен ақындық өнердің қоғамдағы рөлі туралы әңгімеледі. Ол өлең жазудың ішкі түйсікті дамытуға әсері туралы айтып, өзінің ақындық жолындағы жетістіктері мен кездескен қиындықтары жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар, жастарға қазақ әдебиетіне қызығушылық танытып, ұлттық мәдениетті бағалауға және дамытуға шақырды.

Жиында Жастар ресурстық орталығының «БАҚ пен қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Ақтөре Қайрат модераторлық етті.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен кездесу мақсаты – өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісу арқылы жастарды ынталандыру, шығармашылыққа шабыт беру және болашаққа деген сенімдерін нығайту.

Айта кетейік, «BASTAU TALKS» қоғамдық лекциясы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жоба әр түрлі салада жетістікке жеткен кәсіби мамандарды, талантты жастарды және белсенді қоғам қайраткерлерін жинап, жастардың білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолын жастарға үлгі ете отырып, мотивация беріп, дамыту, тың ақпарат алуға бағытталған.