10 Желтоқсан 17:22
...

Түркістанда Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының көне қолжазбасы табылды

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Екі ғасыр бұрын жазылған Қожа Ахмет Ясауидің хикмет топтамасы Түркістан облысы Сауран өңірінен табылған. Құнды жәдігер Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музейіне тапсырылды, – деп хабарлайды Kazinform.

Астана, NEGE. Ғалымдардың айтуынша, қолжазба 1834 жылы жазылған. Табылған хикметтер жинағы еліміздегі ең көне қолжазба болып отыр. 

«Аталған қолжазбаға саурандық Еркін Сапаровтың бастамасымен қол жеткіздік. Бірнеше көне кітаптар Еркін ақсақалдың туысы Алимжан Рамазанұлының шаңырағында бабалардан мұра болып сақталып келген. Нәтижесінде жалпы саны 17 қолжазба мен сирек кітаптарды алдық. Солардың ішіндегі бір қолжазба – Қожа Ахмет Ясауидің хикметтер жинағы екені анықталып отыр. Кітаптың қағазы қалың әрі мұқабасында таңбасы бар», – деді «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы баспасөз мәслихатында. 

Қолжазба араб-парсы тілдерінде шағатай дәстүріне сай жазылған. 120 хикметтен тұратын қолжазбаның 39-ы бұрын-соңды кездеспеген.