28 Мамыр 14:39

Түркістанда робототехника студиялары бар мектептер ашылмақ

робото
Фото: Ашық дерек көздері

Енді ауыл баласы зертханада тәжірибе жасап, құлтемір жасап шығаратын болады. Осы мақсатта Түркістан облысында 29 заманауи жайлы мектеп салынып жатыр, деп хабарлайды NEGE.kz.

Түркістан, NEGE. Алдағы жаңа оқу жылында оның 19-ы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осындай жаңа білім ошағының бірі Отырар ауданында бой көтерді. Мектептің құрылысы аудан орталығы Шәуілдір елдімекенінде былтыр басталған еді. Жоспар бойынша, ғимарат 600 оқушының білім алуына арналған. Қазір үшінші қабаты салынып жатыр. Мектеп құрылысы бірнеше корпустан тұрады. Әрқайсысында спорт зал мен асхана бар.

Бұл заманауи мектептердің өзге мектептерден ерекшелігі неде? Басты ерекшелігі – ауыл балалары енді тікелей ғылыми зертханаларда тәжірибе жасап, құлтемірлерді жасап шығара алады. Бұл бұрын ірі қалалардағы ақылы, қымбат мектептерде ғана қолжетімді болатын.

Айталық, интерактивті кабинеттерді айтпағанда, жаңа бой көтеріп жатқан мектептерде физика, химия және биология зертханалары бар. Робототехника, 3D-үлгілеу студияларымен, металл және ағаш өңдейтін шеберханалармен жабдықталған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатылмақ.

«Құрылыс кезінде заманауи отандық материалдарды пайдаланып жатырмыз. Қазіргі таңда жұмыстың 70 пайызын орындадық. Білім күні – 1-қыркүйекке дейін жаңа мектеп шәкірттер үшін есігін айқара ашады. Жобаның құны – 5 млрд 800 млн теңге», – дейді құрылыс участкесінің жетекшісі Жошы Рыспанов.

Түркістан облысында демографиялық өсім өте жоғары. Сондықтан орта білім бері мекемелеріне қажеттілік жылдан жылға артып келеді. Бір ғана Шәуілдір ауылында үш мектеп бар. Бірақ сонда да оларда оқушылар сыймай жатыр. Жаңа мектеп осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Мамандардың айтуынша, бұл мектептер жабдықтау жағынан да, басқа да қырларынан үлгілі болуы тиіс.

«Жайлы мектепке мұғалімдер байқау арқылы іріктелініп алынады. Олардың еңбек өтілі, санаты ескеріледі. Бізде апатты жағдайдағы немесе үш ауысыммен оқып жатқан мектеп жоқ. Мектеп саны халық санына сәйкес келеді. Десе де, біз өсіп жатырмыз. Жалпы, Түркістан облысында 63 жайлы мектеп салынып жатыр. Олар 49 мың оқушыға арналған», – дейді аудандық білім бері білімінің әдіскері Арын Ахметжан.