Түркістанда Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 жарысы мәресіне жетті

Түркі әлемінің рухани астанасында Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 жарысы мәресіне жетті.
Астана, NEGE. Бұл додаға тек Азия аймағынан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты триатлеттер қатысты.
Жарысқа 12 елден спортшылар келді: Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Словакия, Чехия, Корея, Германия, Жапония, Эстония, Финляндия, Ресей және Беларусь.
Жарыс мына санаттар мен қашықтықтар бойынша өтті:
Elite – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км велоэтап + 10 км жүгіру
Junior – спринт: 750 м жүзу + 20 км велоэтап + 5 км жүгіру
Age Group – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км велоэтап + 10 км жүгіру
Elite Men санатында ресейлік спортшылар Денис Колобродов пен Роман Минеев тиісінше алтын және қола жүлде иегері атанды. Қазақстандық Дарын Қонысбаев қатаң бәсекеде күміс медаль жеңіп алды.
Elite Women санатында чемпиондық атақты ресейлік Татьяна Баскакова иеленді, күміс медаль – жапон спортшысы Минори Икеноға, ал қола жүлде – беларусьтік Алина Синевичке бұйырды.
Junior Men санатында тұғыр түгелдей қазақстандық атлеттермен толды:
1-орын — Елмурат Қанай
2-орын — Арсений Шевченко
3-орын — Никита Дубовицкий
Junior Women санатында да қазақ қыздары үздік атанды:
1-орын — Аида Ким (Қазақстан)
2-орын — Ралина Артықходжаева (Қырғызстан)
3-орын — Рамина Агабаева (Қазақстан)
Атлеттер жоғары деңгейдегі күресте мықты дайындықтарын көрсетіп, халықаралық аренада ел намысын қорғауға және олимпиадалық рейтингке жол ашуға дайын екендерін дәлелдеді.
Жарыс бағдарламасына Age Group санатының қосылуы триатлонды елімізде бұқаралық спорт ретінде дамытуға үлес қосты.
Барлығы 93 спортшы мен бір команда қатысты. Қатысушылар Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Рудный, Екібастұз, Орал, Атбасар қалаларынан, сондай-ақ Ташкент, Бішкек және Минсктен келді.
Ең жас қатысушы – 2007 жылы туған спортшы болса, ең тәжірибелі қатысушы – 1964 жылы туған триатлет болды.
Қазақстандық спортшылар үшін ерекше сәт – жарысқа Ironman-ның алты дүркін әлем чемпионы, аңызға айналған триатлет Марк Алленнің қатысуы болды. Оның ақ тілегі Түркістанда стартқа шыққан барлық спортшыларға үлкен мотивация және шабыт сыйлады.