Түркістан облысы әкімдігінің апталық мәжілісінде колледждерде білім сапасын көтеру жолдары талқыланды
Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі – жекеменшік.
Түркістан, NEGE. Өңірдің экономикасын дамытуда басым бағытқа ие ауыл шаруашылығы саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм мамандарын – 3, құрылыс саласы мамандарын 11 колледж даярлауда. Сонымен бірге медицина, өнер және гуманитарлық салалар, педагогика, техникалық және көпсалалы білім мекемелері де бар.
Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде колледждерде білім сапасын көтеру, техникалық базасын жақсарту жолдары талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Білім басқармасы басшылығы мен жауапты тұлғаларға аталған білім мекемелерінің жұмысын жүйелеп, қоғамға қажетті мамандықтар бойынша грантты көбейтіп, мемлекеттік тапсырысты оңтайландыруды тапсырды.
– Бюджеттен колледждерге қыруар қаржы бөлініп отыр. Ал білім сапасы соған сай ма? Зерделеу, мониторинг жұмыстарын жалғастырыңыздар. Студенттері сабаққа бармайтын, білім сапасы төмен колледж директорларының өз лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместері бойынша ұсыныс беріңіздер. Жұмысын дұрыс атқара алмай жүргендеріне заң шеңберінде шара көрілсін. Оқу үрдісін дұрыс үйлестіре алмайтындар орнын босатулары қажет. Екіншіден, жаңадан енгізілетін мамандықтар, оларды білікті ұстаздармен қамту ісіне талдау жасалып, мәлімет ұсынылсын. Бұл мәселені тағы да қарап шығамыз. Жатақхана салу, құрал-жабдықтар бойынша да тиісті ұсыныстар берілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, өңірдегі колледждерде 75 мамандық бойынша 47142 студент білім алуда. Оның 35 708-і мемлекеттік тапсырыспен, 11 434-і ақылы негізде білім алады. Педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлерінің саны – 3041, 214 өндірістік оқыту шебері қызмет етеді.
Биылғы оқу жылына бөлінген 15 525 мемлекеттік тапсырыс орны толық игеріліп, студенттер қабылданған. Қазіргі таңда 260 студент оқудан шығарылды. Олардың арасында өз өтініштерімен әскерге және академиялық демалыс алғандары бар. Колледж студенттерінің сабаққа қатысуына ай сайын мониторинг жүргізіледі. Мониторингті автоматтандыру мақсатында 25 мемлекеттік колледж білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID жүйесін орнатқан.
Өңірдегі мемлекеттік 25 колледждің 9-ының базасы 2020-2021 жылдары «Жас маман» жобасы аясанда республикалық бюджет есебінен 2,5 млрд. теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен толыққан. 2023 жылы облыстық бюджеттен 18 колледждің базасын нығайтуға 1,8 млрд. тенге қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл 10 колледжге 700 млн. теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары (7 колледж) мен жылу жүйесін газға ауыстыру (3 колледж) жұмыстары жүруде. Облыс әкімінің тапсырмасымен оңтүстік аудандардағы колледждерді IT саласына бейімдеу мақсатында 1 колледжге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 150 млн. теңге бөлінді.
Облыстағы арнаулы оқу орындарында студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруға басымдық берілуде. Студенттер ветеринария, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өзге да салаларға өндіріске араласу арқылы бейімделуде. «Агрономия» мамандығының студенттері жылыжайда қияр, қызанақ, құлпынай және басқа да дақылдарды отырғызу, баптау, теру және тұтынушыға өткізу сатысына дейін үйренсе, тағы бір білім ордасында студенттер жібек шаруашылығын дамыту үшін тұт ағаштарын өсіру ісін меңгеруде. Балықты терең өңдеу, ІТ саласын дамыту бағытын үйретуде де жұмыстар жанданған.
Жыл сайын 9-11 сыныпты бітірушілер саны 77 659-ды құраса колледжге 12 мыңнан астам түлек пен 3000-ға жуық NEET санатындағы жас қабылданады. Биыл «WorldSkills Kazakhstan-2024» чемпионатында Түркістан өңірінің колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 4 қола, 11 арнайы медальон жеңіп алып, жалпыкомандалық 6-орынды (2023 жылы 9-орында болған) иеленді.