Түркістан облысындағы туризм саласының дамуының ғылыммен ұштасуы
Ғылым мен білімнің дамуы қазіргі әлемде маңызды рөл атқарады. Бұл тек экономиканың өсуіне ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени прогреске де әсер етеді.
Бүгінде Түркістан облысындағы белгілі жоғары оқу орынының бірі "Халықаралық туризм және меймандостық университеті". Университет Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына негізделіп құрылды. Бұл университеттің мақсаты Қазақстандағы туризм саласын дамыту, туристік өнімдер мен қызметтердің сапасын және қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған университет туристік білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге және туристік саладағы мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
"Халықаралық туризм және меймандостық университеті" шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөледі. Қазіргі уақытта университет Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағындағы ең ірі Сібір федералды университетінің Гастрономия мектебімен және Францияның «VATEL BUSINESS SCHOOL» мектебімен бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ынтымақтастық университетке халықаралық деңгейде білім беру тәжірибесін жетілдіруге, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университеттің сыртқы академиялық ұтқырлықты арттыруға және оның шетелде танылуын дамытуға қосымша мүмкіндік туғызары анық.
Университеттің отандық жоғары оқу орындарымен де тығыз байланысы бар. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматы менеджмент университеті, Тұран университеті, Каспий мемлекеттік технологиялық университеті және Ш.Есенов атындағы Инжиниринг университетімен және басқа да университеттермен келісімшарттар негізінде ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Бұл келісімдер оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуына, халықаралық деңгейде білім алмасуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, университет Түркия жоғары білім беру кеңесінің (YÖK) тізіміне енгеннен кейін түрік университеттерімен және ғылыми орталықтарымен серіктестік орнату мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық білім беру және ғылыми зерттеулер саласында ықпалдастықты нығайтады. Осының нәтижесінде университет халықаралық білім беру аренада өз орнын нығайтып, әлемдік деңгейде танылуын арттырады.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Ғылыми зерттеу орталығы осы саланы дамытуда елеулі үлес қосып келеді. Орталықтың негізгі мақсаты – ғылыми-инновациялық әдістерді қолдана отырып, университеттегі ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оның тәжірибелік маңыздылығын нығайту. Бұл жұмыс өз кезегінде білім беру және ғылымның өзара байланысын жақсартуға бағытталған.
2022 жылдың қыркүйегінде Университетте Ғылыми-зерттеу орталығы құрылды, оның негізгі міндеттерінің бірі қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және іске асыру болып табылады. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 2 ғылыми-зерттеу жобасы іске асырылуда (2023-2025 жылдар). 2023 жылғы қыркүйегінен бастап «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» атты халықаралық журналы шығарылады, журналға 2023 жылғы 29 маусымда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінен куәлік берілді.
Ғылыми зерттеу орталығы университеттің стратегиялық даму жоспары негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асырады. Орталықтың жұмысы жоғары білім мен ғылымды дамытуға арналған түрлі ғылыми-зерттеу бағыттарын анықтап, осы бағыттарды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Ғылыми зерттеулер тек теориялық тұрғыдан емес, сонымен қатар тәжірибелік маңызы бар нәтижелерге қол жеткізу үшін де жүргізіледі.
Орталықтың негізгі міндеті – университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру және инновациялық жобаларды жүзеге асыру. Бұл үшін университеттің әртүрлі құрылымдық бөлімдері мен мектептерімен тығыз ынтымақтастық орнатылып, олардың іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен үйлестіру ісі атқарылады. Осылайша, ғылыми зерттеу жұмыстарының көлемі мен сапасы артып, халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік туындайды.
Қазіргі заманда ғылыми зерттеулердің нәтижелері тек оқу орнының беделін арттыруға ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылым мен білім саласының жалпы дамуына да ықпал етеді. Халықаралық және республикалық ғылыми байланыстарды дамыту – бұл орталықтың маңызды міндеттерінің бірі. Мұндай байланыстар шетелдік ғылыми ұйымдармен тәжірибе алмасуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, ғылыми іс-шаралар, конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастыру университеттің ғылыми әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.
Ғылыми зерттеу орталығы университет қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамының ғылыми мақалаларын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мақұлдаған журналдарда жариялауды ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, халықаралық рецензияланатын журналдарда мақалалар жариялау сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізу арқылы университеттің ғылыми ықпалы нығайтылады. Бұл зерттеушілердің халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашады.
Орталықтың тағы бір маңызды міндеті – ғылыми зерттеулерге гранттық жобалар арқылы қаржыландыруды қамтамасыз ету. Университет қызметкерлері мен ПОҚ-ның ҚР ҒЖБСҚК және басқа да министрліктер қаржыландыратын жобаларға қатысуы ұйымдастырылып, гранттық байқауларға қатысу белсенділігі арттырылады. Бұл зерттеушілерге жаңа ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді және олардың жұмыстарын қаржылай қолдауды қамтамасыз етеді.
Орталықтың жұмысы студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеулерге қатысуына да баса назар аударады. Әр түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысу жастардың ғылыми қызығушылықтарын арттыруға, ғылыми ізденістерін дамытуға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар болашақта ғылымға қызмет етуге талпынған мамандарды дайындауға зор әсер етеді.
Осылайша, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Ғылыми зерттеу орталығы ғылыми зерттеулердің дамуына маңызды үлес қосып, университеттің стратегиялық мақсаттарына жетуге бағытталған жұмыс жүргізуде. Оның әрекеттері тек университеттің беделін арттыруға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ғылым саласындағы халықаралық мәртебесін көтеруге септігін тигізеді.