31 Тамыз 09:45

Түркістан облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Түркістан облысы
Фото: Түркістан облысы

Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Түркістан, NEGE. Оқу жылына орай өңірде 4 жаңа білім ұясы ашылады. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде бүгін Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарымен кездесті.

– Тұрғындармен өткен кездесуде осы мектеп мәселесі көтерілген болатын. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жаңа білім ошағынан ел үшін еңбек ететін білімді жастарымыз шыға берсін. Өйткені мемлекеттің дамуы ең алдымен азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез-келген ел әлеуметтік салаға назар аударады. Мемлекет басшымыздың басты талаптарының бірі де осы. Сіздер жақсы білесіздер, бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Бұл жұмыстар тоқтамайды, - деді аймақ басшысы.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңы орналасқан.

Білім саласында үнемделген 19,4 млрд теңге қаржыға 20 мектеп салынып, 300-ден астам білім ошақтары жөнделуде. Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. 13 мектептің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.

2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның 29-ы биыл пайдалануға беріледі. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады.

Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі. Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Өңірде 530 000 оқушы бар. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 593. Аймақтың білім саласында 85 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісім-шарт негізде жүргізілуде.