Түркістан облысында бас дәрігер бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша 8 жылға сотталды
Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер медициналық жабдық сатып алуға бөлінген 117 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Астана, NEGE. Тергеу нұсқасы бойынша, олар реанимациядағы науқастарға медициналық көмек көрсетуге қажет оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол үшін бірыңғай медициналық кешен бірнеше бөлек тауарға бөлініп, сатып алу жұмыстары өздеріне бағынышты компаниялар арқылы нарықтағы бағадан қымбатқа рәсімделген. Ал жабдықты жеткізу және орнату жұмыстарын іс жүзінде басқа ұйым атқарған.
Салдарынан мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келген.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаның бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алынып, туысының атына рәсімделген.
«Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне елордадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді», – деп хабарлады ҚМА.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.