24 Мамыр 10:00

Түркістан: Келес ауданын дамыту жолдары талқыланды

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Келес ауданының тұрғындарын не алаңдатады? Қандай мәселелер бар? Жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Мәселелер ашық айтылып, түйткілдер тарқатылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан, NEGE. Өңір басшысы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Облысты, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқтала кетті.

– Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2023 жылы 12 елді мекенде 22 жобаны іске асыруға 2 млрд. теңге бөлінді. Бірлік, Абай, Қияжол, Құйған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 415 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Абай атындағы мектепке қосымша корпус құрылысы жүргізілсе, Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде Мәдениет үйлері салынып, пайдалануға берілді. Өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 18 елді мекенде 25 жобаны іске асыру үшін 2,4 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңгеге 216 жоба қаржыландырылды. Облыста Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Келес ауданында 29 мектепте толық іске қосылды. Тұрғындармен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі мәселелерді шешу. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізген жөн, – деген Дархан Сатыбалды инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында жоспар толық орындалмағанына тоқталып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.

Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 32 пайызға өсіп, 2023 жылы 118 млн. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 51 пайызға өсіп, 2023 жылы 12 мыңға жеткен. Олардың өндірген өнім көлемі 69 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 20 млрд.теңгеге (49 млрд.тг.) немесе 40 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 4 млрд.теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың атқарған жұмыстары туралы баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа беріліп, тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды.

Кездесуде белсенділік танытқан келестіктер жайылым жер, ауыз су, газбен қамту, жол және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.