Түркістан: «AL-FARABI» Республикалық интеллектуалды ойынының жеңімпаздары анықталды
Түркістан облысында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған білімділер бәйгесінде «Эрудит» командасы жеңіске жетті.
Түркістан, NEGE. Аталмыш интеллектуалды сайыстың финалдық кезеңіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысып, жеңімпаз атанған жастарды марапаттап, сәттілік тіледі.
– Түркістан төрінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «АL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бұл сайыс облысымызда «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Нағыз білімге құштар, үнемі ізденіс жолында жүретін жастардың басын біріктіретін республикалық деңгейдегі интеллектуалды сайыстардың біздің өңірімізде өтіп жатқандығы көңіл қуантады.«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, сайысқа қатысып өз бақтарын сынаған барлық командаға алғыс айтамын. Аталмыш сайыстың іріктеу кезеңдерінен дара шығып, финалдық кезеңдерге жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілген шараның мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру. Сондай-ақ интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында ораторлық мәдениетті, толеранттық тәртіппен азаматтық танымды дамыту. Түркістан төрінде нағыз білімді жастардың басын қосқан бұл сайысқа 100-ге жуық команда өтінім берген. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Павлодар және Қызылорда облыстарынан да командалар бар.
Ойынның іріктеу кезеңінде өзара мықтыны анықтаған командалар, тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Финалға жолдама алған командалар көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.
Жалпы 72 команда арасынан ширек финалға өткен 12 команда шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салып, нәтижесінде бірінші орынды Сайрам ауданының «Эрудит» командасы жеңіп алды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан келген «Chicago bulls» командасы алса, үшінші орын бәйдібектік «BBC» командасына бұйырды. I орын алған командаға 1000 000 теңге, II орынға 500 000 теңге және III орын иегерлеріне 300 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. Сайысқа қатысқан әртүрлі командаларға «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік топ басшы», «Үздік жауап», «Үздік киім үлгісі» номинациялары берілді.
Айта кетейік, интеллектуалды ойынның бірінші кезеңі 28 мамыр күні «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен болатын.