Түркиядағы елші НЕГЕ қызметінен кетті?
Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның Түркиядағы елшісі А.Сапарбекұлы және Канададағы елші А.Камалдинов қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Алматы, NEGE. «Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды;
Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды», – деп хабарлады Ақорда.
А.Сапарбекұлы. Фото: inform.kz
Бірер күн бұрын экс-президент Н.Назарбаев ешкім күтпеген жерден Түркияға барып, «төбесінде тесігі бар» сарапшылардың өзін таң-тамаша қалдырған. Назарбаевтың бұл сапарын баспасөз хатшысы А.Үкібай «Түркия президенті Ердоғанның шақыруымен барды» деп түсіндірген.
Түркиядағы елші А.Сапарбекұлының қызметтен кетуі осы сапармен байланысты ма, жоқ па, әзірге белгісіз. А.Сапарбекұлы 2017 жылы сол кездегі президент Н.Назарбаевтың жарлығымен Түркиядағы елші болып тағайындалған еді.
10 наурызда Абзал Сапарбекұлы Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияда әуежайдан күтіп алған. Бұған сол сапардан таратылған көптеген фото-видеолар дәлел.
Елшінің отставкасына Назарбаевтың Түркияға сапары себеп болмаса да, бұл жайт біршама абың-күбің әңгімеге арқау болуы әбден мүмкін...