Түркияда Temu маркетплейсіне айыппұл салынды
Түркияның Бәсекелестікті қорғау басқармасы қытайлық Temu маркетплейсіне шамамен 78 мың доллар көлемінде айыппұл салды.
Астана, NEGE. Реттеуші Temu-ға қатысты алдын ала тексеру жүргізіп, компанияның сауда алаңындағы сатушылардың баға белгілеу саясатына араласу арқылы бәсекелестік туралы заңнаманы бұзған-бұзбағанын анықтауға тырысқан.
Тексеру қорытындысы бойынша маркетплейс көшпелі тексеруге кедергі келтіргені және сұратылған ақпаратты белгіленген мерзімде бермегені үшін жауапқа тартылды. Айыппұл көлемі 3,7 млн түрік лирасын, яғни шамамен 36,8 млн теңгені құрады.
Түркия билігінің өкілдері жоспарланған тексеру кезінде Temu кеңсесіне кіре алмаған. Ресми сұрауға қарамастан, компания өкілдері белгіленген уақытта кеңсеге келмеген. Сондай-ақ маркетплейс компания табысы туралы ақпаратты уақтылы тапсырмай, кейінірек ұсынған.
Айта кетейік, биыл Түркия билігі Temu-дың Ыстанбұлдағы кеңселерінде тінту жүргізген еді. Сол кезде маркетплейс өкілдері түрік билігімен толық ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеген.
Тінтудің ресми себебі жарияланбады және маркетплейске қатысты тергеудің басталғаны да ресми түрде хабарланбаған. Алайда компания тінту кезінде түрік реттеушісі компьютерлер мен ноутбуктерді тәркілегенін айтқан.
Бұған дейін, 2025 жылғы желтоқсанда, Temu-дың Дублиндегі кеңселерінде де осындай тінту жүргізілді. Маркетплейс шетелдік субсидияларды заңсыз алды деген күдікке ілінген. Тінту Еуропалық одақ билігінің рұқсатымен өткен.
Кейін Еуроодақ Temu-ға қатысты ресми тергеу бастады. 2026 жылғы мамырдың соңында тергеу қорытындысы бойынша қытайлық маркетплейске 200 млн еуро айыппұл салынды. Бұған онлайн сауда ережелерінің бұзылуы және Еуроодақ аумағында қауіпті тауарлардың сатылуы себеп болған.
Жуырда Әзербайжан да Temu-ға қатысты ресми тергеу бастады. Ел билігі сауда платформасы бәсекелестік туралы заңнаманы бұзды және бағаны негізсіз төмендетіп, демпинг жасады деп күдіктеніп отыр.
Қазақстандық БАҚ та Temu платформасында сатылатын сапасыз әрі қауіпті тауарлар туралы бірнеше рет жазды. Жергілікті басылымдар арзан киім, аяқкиім, аксессуарлар мен балалар ойыншықтарының құрамынан фталаттар мен ауыр металдардың рұқсат етілген мөлшерден көп табылғанын хабарлаған.
Шетелдік маркетплейстердің қазақстандық сауда алаңдарына қарағанда тиімді жағдайда жұмыс істейтінін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те айтқан.
«Біз ережелердің әділ, ал талаптардың барлығына бірдей болғанын қалаймыз. Кемінде төлейтін салықтары мен басқа да міндеттемелері бойынша отандық кәсіпкерлерге тең жағдай жасау керек. Содан кейін ғана тұтынушы үшін бәсекелесуге болады. Ал олардың қарсыластары мен бәсекелестеріне бастапқыдан тиімді жағдай жасалса, олар бағаны төмендетіп, демпинг жасай алады. Мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлеріміздің құқығы шектеледі», – деді депутат.
Қазақстандық және шетелдік маркетплейстердің жұмыс істеу жағдайы бірдей емес екенін басқа сарапшылар да атап өткен.
Ranking.kz бас директоры Седред Асретовтің айтуынша, негізгі айырмашылық салық жүктемесіне байланысты.
«Қазақстандық маркетплейстер төлейтін салықтардың тізімі ұзақ. Ал 2022 жылдан бері “Google салығы” деп аталатын тәртіп бар. Соған сәйкес шетелдік компаниялар тек қосылған құн салығы бойынша есепке тұрады. Temu және Alibaba секілді IT алпауыттары ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгенімен, өз бизнесін Қазақстанда жергіліктендірмейді. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 86-дан астам шетелдік IT-компания шамамен 39 млрд теңге салық төлеген. Ал Қазақстандағы үш ірі маркетплейс – Kaspi.kz, Wildberries және Ozon бір жылдың ішінде бюджетке 211 млрд теңге аударды», – деді ол Ranking.kz зерттеуінің деректеріне сүйеніп.