Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Түркияда «Сүлейменшілер» діни қозғалысының жетекшісі қамауға алынды

Түркияда қоғамды дүр сілкіндірген ауқымды қаржылық-діни жанжал шықты. Құқық қорғау органдары «Сүлейменшілер» діни қозғалысымен байланысы бар қылмыстық ұйымға қатысты ірі арнайы операция жүргізді.

Алихан Күріш
Фото: gazeteoksijen.com

Астана, NEGE. Oksijen ақпаратынша, Түркияның бас прокуратурасы жүргізіп жатқан тергеу аясында «Сүлейменшілер» діни қауымдастығының жетекшісі Алихан Күріш «қылмыстық ұйым құру және оны басқару», «қылмыстық ұйымға мүше болу», «қылмыстық жолмен алынған қаржыны жылыстату», «мемлекеттік мекемелерге қатысты алаяқтық жасау» және «Салық тәртібі туралы заңды бұзу» баптары бойынша қамауға алынды.

Анкара мен тағы 17 провинцияда жүргізілген операция барысында 123 мекенжайда тінту жүргізіліп, заттар тәркіленді. Күріш пен бірнеше басшыны қоса алғанда, 49 күдіктіні қамауға алуға ордер берілген. Операция кезінде күдіктілердің бірінің үйінен тіркелмеген 20 атыс қаруы табылған. Ал басқа күдіктілердің үйлерінен ірі көлемде шетел валютасы тәркіленген.

Іс бойынша негізгі назар «ұйымдасқан қаржылық қылмыстарға» аударылғаны белгілі болды. Күдіктілерге «сыбайлас жемқорлық», «ақша жылыстату», «ірі компаниялар арқылы рұқсат етілмеген ақша ағындарын ұйымдастыру» және «миллиардтаған лира көлеміндегі коммерциялық операцияларға қатысты заңбұзушылықтар» бойынша айыптар тағылып отыр.

Іс материалдарындағы мәліметке сәйкес, осы ұйыммен байланысы бар деп болжанған жеке және заңды тұлғалар арқылы шетелге 100 миллиард түрік лирасынан астам қаражат аударылғаны тексеріліп жатыр. Аударылған қаражаттың нақты көлемі мен оның қылмыстық жолмен алынған кірістермен байланысы жалғасып жатқан қаржылық және сот тергеулерінің нәтижесінде анықталмақ.

Сондай-ақ шетелден келген ақша аударымдары да жіті бақылауға алынған. Тергеу аясында Израильдің ақша жылыстатуға қатысты болжамды байланыстары да тексеріліп жатыр.

Операция барысында Алихан Күрішті қоса алғанда, 49 күдіктінің 30-ы ұсталды. Тағы тоғыз күдікті шетелде жүр, қалған 10 адамды ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұсталғандардың арасында Алихан Күріш пен Ayakkabı Dünyası (Shoe World) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Акбаджакоғлу бар.

Бастапқыда 30 адам ұсталған, кейін олардың саны 39-ға жетті.

Anadolu Ajansı мәліметінше, Алихан Күріштің сот төрелігінен жасырынған ағасы Хильми Туна Күрішті іздеу кезінде жүргізілген тінту барысында аталған мекенжайдан шығу тегі белгісіз 200 келі алтын құймасы табылған. Табылған алтынның ғана алдын ала бағаланған құны 38-40 миллион АҚШ долларынан асады.

Айта кетейік, қоғамда «Сүлейменшілер» деген атпен белгілі діни ұйымды Сүлейман Хильми Тунахан құрған. 2016 жылдан бері ұйымды Али Эрхан (Алихан) Күріш басқарып келді.

Қазір оқып жатыр

Оңтүстікте өзін ҚМА қызметкері ретінде таныстырғандар емхана басшысынан 15 млн теңге талап еткен

алаяқтық

«Әкемнің көзқарасын ешқашан қолдаған емеспін»: Бейбіт Әлібеков мәлімдеме жасады

.

«Бақытжан Базарбек адамды қағып кетті» деген ақпарат тарады: полиция не дейді?

Базарбек

Қостанай облысында Тобыл өзеніне ер адам мен кәмелетке толмаған қыз батып кетті

.