Түркістандықтар дәрігерлерге алғыс айтты
Түркістан облысы бойынша ауруханада жатқан науқастар саны азайып келеді. Коронавирус пен пневмония жұқтырған науқастар инфекциялық ауруханалар мен провизорлық орталықтарда ем қабылдауда.
Алматы, NEGE. Мәселен, Түркістан қалалық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқан Сарагүл Тілеубергенова өзіне қажетті барлық дәрі-дәрмек мөлшері жеткілікті екенін айтады.
67 жастағы науқас қалалық ауруханаға ауыр халде 12 күн бұрын жеткізілген болатын. Жүрек талмасы мен қан айналымының бұзылуынан оның жағдайы нашарлап, жедел-жәрдемге жүгінген.
Артынан қатты жөтел қысып, тыныс алуы нашарлаған. Ауруханада жатқан уақыт ішінде тиісті ем-домын алып, бүгінде ауруынан толығымен айықты.
Өзі де 40 жыл медицина саласында қызмет атқарған Сарагүл Тілеубергенова дәрігерлерге алғысын білдірді.
«Мен өзім де 40 жыл бойына медицицина саласында жұмыс істедім. Ауырып ауруханаға түскелі бері мұнда дәрі-дәрмектер, не болмаса басқадай қажеттіліктер жетіспейді деген айтқан емес. Дәрігерлер күндіз-түні мұқият қарап, емдеп шықты. Сол ақ халатты абзал жандардың арқасында жазылып, шығуға дайындалып жатырмын», – дейді зейнеткер.