Түркістан полицейлері Президентке ұжымдық арыз жазды
22 қазанда Nege.kz порталында «Түркістанда полицейлер НЕГЕ парамен ұсталып жатыр?» деп аталатын мақала жарияланған. Онда 18 наурыз күні Ішкі істер министрінің бұйрығымен Бауыржан Селтановтың Түркістан қалалық ПД басшысы болып тағайындалғанын айтқанбыз.
Бірқатар БАҚ бізге сілтеме жасап, «Абай ауылында зорланған баланың ісіне қатысты басы дауға қалған полицей лауазымды қызметке келді» деп жазды.
Б.Селтанов.
Мақала жарияланған соң іше-шала Nege.kz редакциясына Түркістан қалалық ПД басшысы Б.Селтановтың үстінен тағы бір «ұжымдық арыз» келіп түсті.
Арыз ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа, Президент әкімшілігінің басшысы Е.Қошановқа, Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевқа және Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеевке жолданыпты.
Тілшіміз Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне едел-жедел хабарласып, облыс әкімінің атына полиция қызметкерлерінен ұжымдық арыз түскен-түспегенін сұраған. Алайда ұжымдық арыздың кіріс-шығыс нөмірі мен арызданушылардың аты-жөні болмағандықтан, арыздарды тіркеу бөлімінің қызметкері мұны анықтай алмады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі «мұндай арыздан хабарымыз жоқ» дегенді айтты.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «ұжымдық арыз келген күнде де, мұндай сұраққа жауап бере алмайтынын» ескертті.
Бәрінен де Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жауабы қызық болды. Баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова жауабын ә дегеннен-ақ шабуылмен бастады.
Nege.kz порталының атын естіген ол былай деді: «Қазіргі таңда сотқа арыз берейін деп жатыр. Адвокаттармен жұмыс істеп жатыр. Сіздердің порталдарыңыз өткенде БАҚ туралы заңды бұзып, біржақты материал берген, сол туралы. Екіншіден, сіздер оның Конституциялық құқықтарын бұзып...».
Дәл осы тұста тілшімізге баспасөз хатшысының сөзін бөліп, ұжымдық арызға байланысты сұрақты қайтадан қоюына тура келді. Бұл жолы жауап тым қысқа болды: «Жо-жоқ, ешкім ондай арыз жазған жоқ!».
Тілшіміз телефон тұтқасын қояр-қоймастан С.Қаракөзова қайтадан хабарласып, былай деп кеңес айтты: «Ішкі істер министрлігіне хабарласыңыздар. Бізде ондай арыз жоқ. Анонимді арыздар қаралмайды, арнайы заң бар. Аты-жөні жазылмаған соң домалақ арыз болып саналады.
Көп сайттармен жұмыс істейміз, сіздермен де жұмыс істегіміз келеді. Қандай ақпарат аласыздар? Сіздердің де почтаны сілмеге қосып қойсақ. Ұнаған ақпаратты сол жерден алуға болады».
Әрине, Nege.kz порталы кез-келген мемлекеттік органмен ашық жұмыс істейді. Ешкімде алты аласы, бес бересіміз жоқ. Алайда баспасөз хатшысының «сотқа арыз берейін деп жатқаны» мен бізбен «жұмыс істегі келгенін» қалай қабыстырарымызды білмей, басымыз қатты.
Біз үшін басты принцип – туралық, бейтараптылық, жеделдік. Сондықтан да Түркістан облыстық полиция департаменті басшыларымен қандай мінберде де кездесуге дайынбыз.
Б.Халықов.
Енді «ұжымдық арыз» туралы бірер сөз.
Арыз Түркістан қалалық ПД басшысы Б.Селтанов пен Түркістан облыстық ПД басшысының орынбасары Б.Халықовқа қатысты жазылған. «Арыз иелерінің» полиция басшыларына таққан айыбы оңай-оспақ емес.
Арызға сенсек, өңірдегі полиция департаментінде парақорлықтың көбеюіне басшылар кінәлі. Және бұған басты себеп – жаппай жемқорлық және полиция қызметкерлері арасында жүретін «дорба» мен «жорға» дәстүрі.
Арыз иелерінің аты-жөні көрсетілмегендіктен, арызда не айтылғанынын жарияламас бұрын құзырлы органдарға ресми сауал жолдап, «ұжымдық арыздың» оларға түскен-түспегенін тағы бір пысықтап алуды жөн санадық. Сол себепті де ұжымдық арызда көрсетілген орган басшылары атына ресми сауал жолдаймыз.
«Құрметті Президент, жоғарыда көрсетілген заңбұзушылықтарды болдырмау үшін тексеру жіберіп, полковник Б.Селтановтың қалай жоғарғы лауазымға тағайындалғанына баға беруді, қозғалған қылмыстық іске байланысты түпкілікті шешім қабылдатуды сұраймыз» дей келе, «ұжымдық арыз» авторлары сөз соңын былай қорытыпты:
«Біздің бұл ұжымдық арызымызды «жасырын арыз» деп есептемей, шара қолдануды сұраймыз. Бұл арыз жанайқайдан соң жазылып отырғанын ескертеміз».