Түркістан облысында қолайсыз ауа райынан ғимараттар бүлініп жатыр
, деп хабарлайды otyrar.kz.
Түркістан, NEGE. Кентауда қатты жел салдарынан ғимараттардың шатыры ұшып, нысандар бүлініп жатыр. Қолайсыз ауа райынан қаладағы колледждің 700 шаршы метр шатыры ұшып, салдарынан жеке тұрғын үйлерге зақым келген. Ал «Қазақтелеком» ғимаратының шатырын жел толықтай ұшырып әкеткен.
Несібелі Уанасова, Кентау қаласының тұрғыны:
«Іште балалар ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отырғанмын, сол кезде мына жақтв біреуі былай құлады, біреуі шатырдың үстіне құлады. Ар жақтан терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті шынымды айтсам, жаман болдым мен. Бала-шаға шошып, шошығаны соншалық атып тұрып далаға шығып, біртүрлі боп қалды».
Бүгіннен бастап апта соңына дейін мектептер пен бала-бақшалар онлайн оқуға көшірілді. Ал барлық комуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істуде.
«Желдің күшеюіне байланысты Кентау қаласындағы барлық бастауыш сынып оқушылары онлайн оқытуға шешім қабылданды. Сондай-ақ, Сауран ауданындағы Шоқтас шағын жинақталған бастауыш мектебінің оқушылары да ауа-райының өзгеруіне байланысты онлайн білім алуда» – делінген Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының хабарламасында.
Ресми мәліметке сүйенсек, Бәйдібек, Сауран, Сайрам, Кентау аудандарында жалпы саны 15 822 абонентте жарық сөнген. Электр желілерін реттеуге 14 бригада жұмылдырылған.
Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
«Қазіргі таңда ТО ТЖД ғимаратында тиісті құзырлы мекемелердің мамандарын қатыстыра отырып жедел штаб жұмысын жалғастыруда. 4,5,6 мамыр күндері облыс аумағында қатты желдің қарқыны сақталады. Жалпы орта есеппен 25-27 м/с жетеді, ал таулы аудандарда 30м/с жетіп, одан да жоғары болуы мүмкін».
Қайта қалпына келтіру жұмыстарына ТЖД-нің 90 маманы мен 12 техника жұмылдырылды. Айта кетейік, облысқа қарасты 8 аудан мен Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында желдің жылдамдығы 21-22 м/секундты құраса, екпіні 23-28 м/с жетіп отыр. Қазір Кентау қаласында қатты желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Дегенмен, есептеу жұмыстары тек жел тоқтаған соң басталады.