Түркістан облысында ірі көлемде ақша бопсалағандар ұсталды
Күдіктілер медицина мекемелерінің қызметкерлерін бопсалаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түркістан, NEGE. Облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік комитеті депаратментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде қылмыстық топ қолға түсті. Күдіктілер бұған дейін Мақтаарал мен Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қызметкерлерінен, үркітіп-қорқыту, жала жауып және оны жариялау арқылы жүйелі түрде ақша бопсалап келген. Облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Саховтың айтуынша, Криминалдық полиция басқармасына медицина мекемесі қызметкерлерінің бірі шағымданған. Ол өздерін белгісіз азаматтардың «жалған мәліметтерді таратып, бақылаушы органдарға айтып, жоспардан тыс тексеру ұйымдастырамыз» – деп қорқытқанын және сол үшін өздерінен 32 млн теңге талап еткенін айтқан. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай қаласындағы кафелердің бірінде ірі көлемде ақша алып жатқан Жетісай қаласы мен Мақтаарал ауданының тұрғыны ұсталды.
Сұлтанбек Үсіпбеков, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:
– Медицина мекемелерін бопсалаумен айналысқан 2 күдікті тұлға 32 млн теңге алу барысында ұсталды. Қазіргі таңда аталған тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 194 бабының 4-тармағы, яғни «Аса ірі мөлшерде бопсалау» дерегімен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізілуде.