19 Қазан 12:23
...

Түркі мемлекеттері ұйымының кездесуінде Қазақстан қандай бастамаларды алға тартты?

Бішкек
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің экономика және сауда министрлерінің 13-ші кездесуі өтті.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оған Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгриядан келген делегациялар қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы мен ынтымақтастығын одан әр нығайту мәселелері болды.

Вице-премьер Қазақстан түркі интеграциясының дамуына ерекше мән беретінін және бауырлас мемлекеттердің бастамалары мен сындарлы ұсыныстарын әрқашан құптайтынын атап өтті.

«ТМҰ аясында құрылған Түркі инвестициялық қоры экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, елдеріміздің қарқынды өсуі мен өркендеуі үшін капиталдарды, технологиялар мен таланттарды тартуға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды»,— деді Нұрлан Байбазаров.

ТМҰ елдерінің барлық министрлері Қазақстанның ТМҰ Жасыл қаржы жөніндегі кеңесін, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Орталық (ұлттық) банктер Кеңесін құру туралы бастамаларын қолдады.

ТМҰ экономика және сауда министрлерінің келесі кездесуі Түркістанда өтеді. Онда Қазақстанның барлық ТМҰ елдері қолдаған тағы бір бастамасы «TURAN» арнайы экономикалық аймағын ашу жоспарланып отыр.