Туризм министрлігі күтіп алмаған америкалық блогерді Баян Алагөзова қонақ етті
Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов пен продюсер Баян Алагөзова АҚШ-тан келген тревел-блогер Коннор Кампиргиниді шаңырағында қонақ қылды.
Астана, NEGE. Баян Алагөзова желідегі жеке парақшасында америкалық блогерді күтіп алған сәтінен видео жариялап, блогердің өзі үйіне қонақ болып баруға ниет білдіргенін жазды.
«Бүгін біз танымал тревел-блогермен таныстық. Оған барлығы ұнады деген ойдамын. Өзі қонаққа келуге ниет білдірді. Біздің үй қаланың көрікті жеріне айналған сияқты», – дейді Баян Мақсатқызы.
Алагөзовтер отбасы блогерді зәулім үйінің алдына тігіп қойған киіз үйде күтіп, қазақтың ұлттық дастарханынан дәм татырып, шапан жауып, сый-сияпатын көрсетіп, шығарып салған.
Еске салсақ, таяуда «АҚШ-тан арнайы шақыртумен келдім» деген Коннор есімді тревел-блогер Қазақстанның Туризм және спорт министрлігіне «күтіп алмады» деп желіде базынасын жеткізген еді. Айтуынша, министрлік өкілдері туристі қарсы алуды ұмытып кеткен және сән-салтанатпен күтіп алу былай тұрсын, шекара қызметіндегілер оның ресми шақыртылғанын біле тұра, сұрақтың астына алып, таңғалдырған.
Ал министрлік өкілдері америкалық блогерді ведомствоның арнайы шақыртуымен келгені туралы ақпаратты теріске шығарды. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен блогер арасында жеке хат алмасу болғанымен, екіжақты келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған.