«Тургистанның» Түркістанға қандай қатысы бар?
Белгілі кинорежиссер Майкл Бэйдің «6 Underground/Елес алтылық» фильмі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Фильмде көрсетілген «Тургистан» атты елдің атауы біраз сөз болды. Түркіменстан билігі бұл фильмді көрсетуге тыйым салған. Қоғам наразылығын тудырған жағдайға байланысты Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов америкалық режиссерге хат жолдап, продюсер Нұртас Адамбай бұған үн қосты.
«Netflix» түсірген киноның сюжеттік желісінде химиялық қару мен жауынгерлік ұшақтарды қолдана отырып, өз халқын қырып-жоюға тырысқан диктатор Ровач Алимов жайлы көрсетіледі. Бұл оқиғаның барлығы «Тургистан» қаласында болады. Көмекке мұқтаж тұрғындарға АҚШ-тан миллиардерлер арнайы келеді. Рашид Аюповтың айтуы бойынша, ойдан шығарылған елдің атауы Түркістанға ұқсайды. Бұл фильмді тамашалаған көрермендер Қазақстанның тарихы терең киелі астанасы жайлы теріс ойлауы мүмкін екен. Сондықтан, Рашид Аюпов режиссерге хат жолдап, Түркістанға шақырды.
«Мұны Түркістан мэрі ретінде жазып отырмын. Сіздің «6 Underground» фильміңізде «Тургистан» атты ел көрсетілген. Елдің атауы біздің қаламен тым ұқсас. Қазақстанда Түркістан деп аталатын қала бар. Осы фильмді көргеннен кейін қалың көпшілік Түркістан туралы жағымсыз пікірде қалады. Шынтуайында, біздің қала – еліміздің киелі мекені, рухани астанасы. Көптеген елдер Түркістанды біледі, бірақ «Тургистан» мен Түркістанды шатастырмауды қалаймын. «6 Underground» фильмінде көрсетілген «Тургистан» деп аталатын қаланың біздің елге еш қатысы жоқ екенін хабарлағым келеді. Оны көрермендер дұрыс түсінсе деймін», - деп жазды әкім.

Әкімінің жазбасын желі пайдаланушылары қолдады. Аюпов белгілі кинорежисерге көзқарасы түзу екенін айтып, Түркістанға шақырды.
«Майкл Бенжамин Бэйді Түркістанға шақырамын, біз оған қонақжайлығымызды көрсетеміз, тіпті, егер ол қаласа, біздің жерде боямасыз шынайы фильм түсіруге көмектесеміз. Оған қала мен халықтың барлық сұлулығын көрсетуге дайынбыз. Біздің халқымыз бейбіт және тату», – деді Аюпов.
Продюсер Нұртас Адамбай – Түркістан қаласының әкімін қолдағандардың бірі. Шетелде демалыста жүрген Адамбаймен телефон арқылы тілдестік. Ол былай деді:
– Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов мырзаның пікірімен толық келесемін. Біздің елімізді білмейтін шетелдіктер Түркістан жайлы жағымсыз пікірде қалуы әбден мүмкін. Бірақ, бұл фильмдегі «Тургистан» ойдан шығарылған. Режиссерді босқа айыптаудың қажеті жоқ.

Нұртас Адамбай «Майкл Бэй елімізге келсе, Түркістан қаласын аралатуға дайынмын» дейді.
Бұл оқиға бұдан біраз жыл бұрынғы «Боратты» еске түсірді. Сол кезде өзінен-өзі қуыстанған шенділер «Боратты» сотқа бермекші болып, ұятқа қалған. Бұл жолы да солай болмаса жарар еді...