8 Қазан 12:48
...

Тұрғын үйлер Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қатысуымен пайдалануға беріледі

Пәтер
Фото: NEGE

Жаңа Құрылыс кодексінің жобасы аясында Қазақстанда құрылыс саласына мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Енді тұрғын үйлерді пайдалануға беру жұмыстарына Мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау органы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қатысуға тиіс. Аяқталған жұмыстардың сапасы енді сол жерге барып тексеріледі.

Алматы, NEGE. Бұл процедуралардың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Құрылыс заңнамасын бұзу тәртіптік, мүліктік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл жаза қала құрылысы ережелерін бұзған немесе жобалық құжаттаманың бас жоспарын орындамаған лауазымды тұлғаларға қарастырылады.

Құрылыс сапасына қатысты жауапкершілік Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына, жобаларды сараптау, стандарттау және сертификаттау органдарына, сондай-ақ тапсырыс берушілерге, әзірлеушілерге, жобалаушыларға, техникалық қадағалау органдарына және құрылыс материалдарын өндірушілерге жүктеледі. Бұдан бөлек қадағалаудың жаңа түрі – жедел әрекет ету шарасы енгізіледі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары немесе азаматтардың шағымдары бойынша айқын бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган құрылысты тоқтата тұруға құқылы болады. Бұл заңсыз құрылысты анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Мемлекет сондай-ақ күрделілігі бойынша бірінші және екінші деңгейдегі жобаларды – мектептер, ауруханалар, ірі сауда орталықтары, зауыттар, фабрикалар, адамдар көп шоғырланған ғимараттарды сараптамадан өткізуді бақылауды қалпына келтіреді.

Нәтижесінде барлық құрылыс нысанының шамамен 35 пайызы мемлекеттік сараптамадан өтеді. Алғаш пайдалануға берілгеннен кейін объектілердің жұмысын реттейтін стандарттар да қарастырылған. Олар: техникалық қызмет көрсету, жөндеулер, төтенше жағдайларды жою процедуралары, қауіпсіздік шаралары және басқалар.