Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын цифрландыру: Қазақстан мен Қытай серіктестігі жаңа кезеңге шықты
Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мен China Telecom компаниясының вице-президенті Сун Фэн Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында кездесу өткізді.
Астана, NEGE. Кездесудің басты мақсаты – «ақылды қала» тұжырымдамасын енгізу және басқаруда қолданылатын заманауи технологияларды зерделеу мен оларды Қазақстан жағдайында бейімдеп пайдалану жолдарын талқылау болды.
Тараптар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңарту және салу барысында инновациялық телекоммуникациялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ осы бағытта тәжірибе мен технологиялық білім алмасу мәселелеріне баса назар аударды. Әңгіме барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға және тәжірибелік негізде жаңа технологияларды сынақтан өткізуге ниетті екенін білдірді.
Қазіргі таңда China Telecom компаниясы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамымен бірге кейбір цифрлық шешімдерді сынақ режимінде іске асырып жатыр. Бұл тәжірибе болашақта еліміздің әртүрлі өңірлерінде интеллектуалды инфрақұрылым жүйесін енгізуге мүмкіндік бермек.
Кездесуде сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін басқаруда цифрлық технологияларды қолдану, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Вице-министр атап өткендей, мұндай жобалар урбанистік даму мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, China Telecom Қазақстан аумағында деректерді өңдеу және сақтау орталығын салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл бастама тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландырудың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, ұлттық ақпараттық инфрақұрылымның қауіпсіздігін күшейтеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз тарапынан жобаны іске асыру үшін инвестициялық алаңды анықтауға, тиісті инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ техникалық және регламенттік талаптарды үйлестіруге көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар осы кездесуді екі ел арасындағы технологиялық және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам деп бағалады. Келіссөздер қорытындысы бойынша, ақылды технологияларды енгізу және коммуналдық секторды жаңғырту саласында өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.