17 Қараша 15:53
...

Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы

Тұрар Рысқұлов
Фото: Ясауи университеті

Ясауи университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай – «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» атты халықаралық конференция өтті.

Түркістан, NEGE. Айтулы іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі және оқу ордамыз бірлесе ұйымдастырды.

Тұрар Рысқұлов – аса көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ғалым, тарихшы, публицист және дипломат. Түркі мемлекеттерінің ынтымағы мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрескен ұлы тұлға.

Ауқымды жиынның модераторы – академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, университетіміздің Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі. Шараның пленарлық отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттарынан басталды.

Бұдан әрі сөз кезегін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Тұрар Рысқұловтың ұрпағы Адель Робертқызы Рысқұлова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, ұлы тұлғаның сан қырлы қасиетіне, саяси-қоғамдық қызметіне, сан саладағы еңбегіне тоқталды.

Халықаралық конференция панельдік сессияға ұласты. Онда түркітілдес елдерден келген ғалымдар мер сарапшылар түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұловтың тұлғасын жан-жақты зерттеп, оның идеялары және қызметінің маңызы, қазіргі күндегі өзектілігі туралы ой бөлісті.

Сондай-ақ, Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай университеттің аумағында тағы бір аллея пайда болды. Оның ашылуына халықаралық конференцияға қатысушылар, ұлт зиялылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, университет басшылығы, түркі әлемінің жастары және оқу орнымыздың Студенттік парламентінің белсенділері қатысты.

Аллеяға айтулы датаға орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Университет ректоры Жанар Темірбекова келешекте аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен паркке айналатынын атап өтті.

Осылайша, ұлт үшін туған ұлы тұлға – Тұрар Рысқұловтың ерен еңбектері айтылған конференция өз мәресіне жетті. Қазақ халқы мен түркі мемлекеттерінің, Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті.

Сонымен қатар, университетте бастау алған «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» атты халықаралық конференциясының панельдік сессиясы өтті.

Панельдік сессияда Қазақстандық және шетелдік академиктер мен ғалымдар Тұрар Рысқұловтың тау тұлғасын, өнегелі өмірі мен ел үшін сіңірген еңбектері жайлы түрлі тақырыпта тың баяндамалар оқыды.

Жиында профессор ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері: Қамзабекұлы Дихан, Әбжанов Хангелді, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры Кахраман Раджабов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай сынды өзге де ғалымдар маңызды тақырыптарды қозғады.

Солардың бірі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов «Тұрар Рысқұлов және ашаршылық» тақырыбында баяндама жасады. Ашаршылық жылдарында ұлтының амандығы үшін күресіп, халыққа қол ұшын созған өр тұлғаның істерін тарқата айтты.

«Тұрар Рысқұлов ашаршылықтың қай жылдары, қалай бастау алғанын нақты айтқан. Бұл даталар нақты тарихи деректермен дәлелденген. Оны қазіргі таңда барша ғалым мойындады. Оның есімі біздің тарихымызда халықтың қамын жеген, жалғыз қазақ емес, Кеңестер Одағының қамын ойлаған ірі тұлға ретінде қалды»,-деп, ұлт жанашырының тарих сахнасындағы рөліне тоқталды.

Басқосу барысында «Рысқұлов және қырғыз зиялылары», «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» атаулармен басқа да тақырыптар аясында ақпараттар айтылды.

Осылайша жиылған қауым Тұрар Рысқұловтың болмысымен, қазақ даласы мен халқы үшін төккен тері, еңбек жолымен тереңінен танысты.

»Тұрар Рысқұлов – мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Ол төл шежіремізге ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Нәубет жылдары халықты аштықтан құтқаруға атсалысты. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі тұтас Түркістан идеясымен тығыз байланысты. Оның түркі мемлекеттерінің бірлігіне қатысты идеясы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ»,-деген Президент құттықтауында.