16 Қазан 14:42
...

«ТҮНДЕ АТАМЫЗ» – Министр киіктердің санын реттеуге қатысты жауап берді

Фото:

NEGE редакциясы бір ай бұрын Экология және табиғи ресурстар министрлігіне киіктердің санын реттеуге қатысты ресми сауал жолдаған. Министрдің брифингі алдында сауалымызға төмендегідей жауап келді.

«Министрліктің сұранысы бойынша, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті әзірлеген киіктер популяциясын басқару бойынша биологиялық негіздеме аясында және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 263 (бұдан әрі – № 263 бұйрық) бұйрығына сәйкес киіктердің саны  реттелуге тиiс тізімге енгізілген.

Киік санын реттеумен Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандандырылған ұйымы айналысатын болады. Киіктердің санын реттеу табиғи ортадан алу биологиялық негіздеме бойынша жүргізіледі», – дейді министрліктің жауабында.

Ерлан Нысанбаев, Фото: ОКҚ

NEGE тілшісі Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасаөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан НЫСАНБАЕВТАН «киіктерді табиғи ортадан алу жолымен реттеу» дегеннің не екенін түсіндіріп беруді сұрады.

«Биологиялық негіздеме бойынша екі тәсіл ұсынылған. Біріншісі – қоралдық (киіктерді тормен ұстау), екіншісі – түнде ату. Бұл – Кеңес дәуірінде де киіктің санын реттеуде қолданылған тәсілдер. Біз жұмыстарымызды қоралдық тәсілден бастадық. Бірақ, өткен аптада ауа райының қолайсыз болуына байланысты биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді қолдануды көздеп отырмыз. Осы екі тәсілмен киіктің санын реттеу жұмыстарын жалғастырамыз», – деді министр Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ министрліктің бізге берген жауабында ауланған киіктердің ұшасы, сонымен қатар терісі, ішкі құрылысынсыз келісім шартқа отырған ет комбинаттарына тапсырылатынын айтады. «Киіктердің санын реттеуге журналистер қатыса ма? деген сауалға «журналистерді қатыстыру қарастырылмаған» деп жауап берді.

Фото: ғаламтордан

Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінде киік саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. 2023 жылғы киіктерге жүргізілген көктемгі есепке алудың төлдеуге дейінгі нәтижелері бойынша Орал популяциясының саны 1 130 000, Бетпақдала популяциясының саны 745 300, Үстірт популяциясы 39 700 болды. Ал Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 915 000-ға жетті.

Биыл киіктерден шаруаларға 12 млрд теңге шығын келген.

«Біз бұрын киікті неге атқызбай келдік? Неге киік санын реттеу мәселесін қарастырған жоқпыз? Себебі ол уақытта киіктердің саны өте төмен болды. Ал қазір олардың саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Бүгінде киіктерден шаруаларға 12 млрд теңге залал келген. Сол себепті киік санын реттеу қажет.

Мысалы бұрын киіктің санын кім реттейтін? Оны реттейтін қасқыр, жұт, ауру болатын. Ал қазір табиғатта ежелден келе жатқан мұндай реттеу тәсілдері жоқ», – деп түсіндірді министр.

Осылайша, министрлік киіктердің санын ату арқылы реттемек. Бұдан киік саны табиғи қалыпқа келе ме? Браконьерлік азая ма? Бұл сұрақтардың басы әлі ашық.

Тегтер: