«Тұлға болам» кітап оқу сайысының жүйріктері анықталды

«Шұғыла» қоғамдық қорының астына жиналған бір топ азамат «Тұлға боламын» жобасы аясында балалар мен жастарды кітап оқуға шақырды.
Алматы, NEGE. Тəуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Шұғыла» қоры бастап, «Дария» дамыту орталығы ұйымдастырып, атымтай жомарт демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан «Тұлға болам» кітап оқу сайысының нәтижесі шығып, жеңімпаздары марапатталды.
Сайысқа қатысушылар 1-3 сынып, 4-7 сынып, 8-11 сынып оқушылары және ересектер болып 4 топқа бөлінді. Əр топқа жеке тапсырма ретінде бөлек кітап берілген. Әр топтың жүлдесі де бөлек болды.
Оқылатын кітаптар ретінде қазақ классиктері мен әлем классиктерінің туындылары берілді. Қатысушылар 3 кезенде 3 кітап оқуға тиіс болды. Әр кезеңнін соңында кітап бойынша онлайн тест алынды. Ұйымдастырушылар сайыс арқылы жастарды кітап оқуға құлшындыру, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыруды көздеген.
Бұл жолы сайысқа барлығы 50 мың қатысушы тіркелген. Әр кезең бойынша әр топтан алғашқы болған 50 адам 5000 теңгеге ие болады.
1-3 сынып тобында 1-3 орын алғандарға iPad, 4-10 орын алғандарға велосипед берілді.
4-7 сынып тобында 1-3 орын алғандарға MacBook, 4-7 орын иеленгендерге велосипед табысталды.
8-11 сынып тобында 1-3 орын иеленгендер Стамбулға саяхат жасаса. 4-10 орын алған қатысушылар Apple Watch алды.
Ересектер тобында 1-орын иегеріне 2 адамға шет елге саяхат берілсе, 2-орынға 500 000 теңге, 3-орынға 300 000 теңге қаржылай сыйлық үлестірілді. 4-10 орын аралығындағыларға ноутбук табыс етілді.
Жүлдегерлер тізімі төмендегідей:
1-3 сынып тобы: 1-орын – Табыс Алихан, 2-орын – Аслан Мадияр, 3-орын – Шынарбек Нұрсұлтан.
4-7 сынып тобы: 1-орын – Қази Ақнұр, 2-орын – Ерлан Кәусар, 3-орын – Шынарбек Ерсұлтан.
8-11 сынып тобы: 1-орын – Бегалы Елдос, 2-орын – Шынарбек Жанар, 3-орын – Елетай Расул.
Ересек: 1-орын – Қашубай Амангелді, 2-орын – Атанбекова Арайлым, 3-орын – Малика Кеңесова.
«Шұғыла» қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі Азат Қалиоллаұлының айтуынша, сайысты ұйымдастырудағы мақсат жастарды кітап оқуға құлшындыру, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыру. "Сол арқылы өзіміздің төл құндылықтарымызды санаға сіңіру. Екіншіден, балаларды кітап оқуға баулуды сыйлық арқылы ынталандыру. 6 ай бойы бала сыйлық алу үшін жарысса, одан кейін кітап оқу әдетке айналады. Яғни, өздігінен кітап оқуға деген ынтасы ашылып кетуі әбден мүмкін. Ең бастысы, сайысқа қатысу тегін" дейді.
Ұйымдастырушылар келесі жолы бұл жобаға 500 мың бала қатысса деген ниеті бар. Ендігіде жобаның ауылды жерлерге жетуін мақсат етпек. Тағы бір жаңалық, келесі байқауда ұтысқа Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтер тігіледі. Ендеше өскелең ұрпақты кітап оқуға баулып, қоғамның, ортаның өзгеруіне бірге амал жасайық.