USD
USD
USD

Түбегейлі өзгеріс емес, нысаналы түзету: Үкіметте неге төрт-ақ министр ауысты?

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Құрылтай сайлауы кезеңінде айтылғандай, кабинетте түбегейлі бетбұрыс бола қойған жоқ: Үкімет құрамының 16 пайызы ғана жаңарды.

Үкіметтің жаңа құрамы
Фото: NEGE

Астана, NEGE. ҚҚС реформасына қатысты пікірталастар мен инфляцияның баяу төмендеуі аясында қоғамның атқарушы билікте ауқымды кадрлық өзгерістер болады деп күткені жасырын емес. Соған қарамастан, Президенттің шектеулі ротацияны таңдауының астарында айқын басқарушылық логика мен салқынқанды, жүйелі есеп жатқан сыңайлы.

Негізгі тағайындаулар салалық ведомстволарды ғана қамтыды: 21 министрліктің төртеуіне жаңа басшы келді. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігін Мұхтар Тілеуберді, Экология және табиғи ресурстар министрлігін Әлібек Қуантыров, Төтенше жағдайлар министрлігін Мұрат Мұханов, ал Мәдениет және ақпарат министрлігін Арман Қырықбаев басқаратын болды.

Дегенмен, осы төрт адамның ішінде Үкімет құрамына алғаш рет кіргені – Мұрат Мұханов қана. Ол бұған дейін департаментте қызмет еткен. Ал Әлібек Қуантыров пен Мұхтар Тілеуберді бұрын министр, Арман Қырықбаев вице-министр болған.

Жаңа тағайындалған төрт министр кім?

Кадрлық ротацияның жаңа легі Сыртқы істер министрлігінен басталды.

Мұхтар Тілеуберді
gov.kz

Президент бұл қызметке 2019–2023 жылдары сыртқы істер министрі болған Мұхтар Тілеубердіні үш жылдан кейін қайта тағайындады. Дипломатиялық жолын министрліктегі түрлі қызметтен бастаған ол кейін бірнеше елде Қазақстанның елшісі болды. СІМ басшылығына қайта оралғанға дейін Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Тілеуберді ең күрделі геосаяси кезеңдердің бірінде, атап айтқанда 2022 жылы көрші елде саяси жағдай ушыққанда Қазақстан дипломатиясын басқарған тұлға ретінде танымал. 

Әлібек Қуантыров
primeminister.kz

Ал тосын тағайындаулардың бірі – ұлттық экономика министрі, сыртқы істер вице-министрі болған Әлібек Қуантыровтың экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына келуі. Қуантыров – бұған дейін мұнай-газ және энергетика кешені, экономикалық саясат пен сыртқы саясат салаларында жоғары лауазымдар атқарған әмбебап маман. Ұлттық экономика министрі кезінде түрлі салықтық реформаларға бастамашыл болған.

Мәдениет және ақпарат министрі
Ақорда

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне ауысқан Аида Балаеваның орнына мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев келді. Бұған дейін ол Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі әрі Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012-2013 жылдары мәдениет және ақпарат вице-министрі болған.

Қырықбаев – қоғамдық медиа, ақпараттық қауіпсіздік және идеологиялық бағыттардың қыр-сырын меңгерген, жүйелі коммуникация құра алатын тәжірибелі саяси менеджер.

ТЖМ
primeminister.kz

Төтенше жағдайлар министрі қызметіне 41 жастағы Мұрат Мұханов тағайындалды. Ол еңбек жолын Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар саласында бастап, түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Кейін ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы болды. Министр болып тағайындалғанға дейін Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментін басқарды. Жүйені іштен білетін практик маман.

Үкіметке түбегейлі өзгеріс қажет болмады

Саясаттанушы Риззат Тасымның айтуынша, Үкімет құрамының 84 пайызының сақталуы – мемлекеттік аппараттағы тұрақтылық пен сабақтастыққа берілген басымдық. Сонымен қатар, сарапшы мұндай қадамға электоралдық кезеңдегі жоғары қоғамдық консолидация мен әлеуметтік оптимизм себеп болған дейді. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуде респонденттердің 85,8%-ы өз өміріне қанағаттанатынын білдірген.

«Қазақстандық қоғамдық даму институтының «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» зерттеуіне сәйкес, азаматтардың өмірге қанағаттану деңгейі 85,8%-ға жеткен. Респонденттердің 50,5%-ы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтса, 60,1%-ы алдағы бір жылда оң өзгерістер күтетінін білдірген. Сондықтан осы кезеңде Үкімет құрамын түбегейлі жаңартуға айқын саяси немесе қоғамдық негіз болған жоқ деп ойлаймын», – дейді сарапшы.

Риззат Тасым
NEGE/Сарапшының жеке архивінен

Сонымен қатар, маман Құрылтай мен Халық кеңесі саяси институттарын іске қосу жұмыстары тұрғанда Үкіметтің тұрақтылығын сақтау маңызды екенін айтады. Осы себептен де кадрлық жаңару белгілі бір салаларды ғана қамтыған болуы мүмкін.

«Үкімет құрамының сақталуы оның жұмысына берілген түпкілікті әрі өзгермейтін баға емес. Алдағы уақытта Президент Жолдауында белгіленетін міндеттерге, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге және жекелеген салалардағы нәтижелерге қарай көп ұзамай қайта жаңа кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

«Нысаналы кадрлық түзету»: төрт министр не үшін ауысты?

Маманның сөзінше, төрт тағайындауды бір ғана себеппен түсіндіру қиын. Әр министрліктегі өзгерістің өзіндік саяси және басқарушылық қисыны бар.

Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ауыс-түйіс бұрынғы басшылардың басқа жауапты қызметтерге ауысуына байланысты. Бұрынғы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалса, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болды. Бұл тағайындаулар олардың билік жүйесіндегі саяси салмағының артқанын аңғартады.

Ал экология және сыртқы саясат салаларындағы ауыс-түйістің себебі өзгеше.

«Соңғы уақытта экологиялық ахуалға, қалалардағы ауа сапасына, су ресурстарын тиімді пайдалануға, қалдықтарды басқаруға және табиғатты қорғау саясатының жүзеге асырылуына қатысты бірқатар сын айтылды. Сондықтан бұл тағайындауды саладағы басқару тәсілдерін күшейтуге және қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған қадам ретінде қарастыруға болады», – дейді саясаттанушы.

Ал Мұхтар Тілеубердінің Сыртқы істер министрлігіне оралуы қазіргі күрделі геосаяси ахуалға байланысты.

«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін ірі державалармен теңгерімді қарым-қатынас орнату, экономикалық дипломатияны күшейту және ұлттық мүддені қорғау ерекше маңызға ие. Мұхтар Тілеубердінің дипломатиялық тәжірибесін ескерсек, оның тағайындалуы жаңа сыртқы саяси бағыттан гөрі кәсіби сабақтастықты нығайтып, алдағы халықаралық міндеттерді тәжірибелі дипломатқа жүктеуге бағытталған шешім болғанға ұқсайды», – деді ол.

Саясаттанушы Риззат Тасым бұл өзгерістерді стратегиялық бағыттарды күшейтуге арналған «нысаналы кадрлық түзету» деп бағалайды. Президент шешімін қабылдағанда жаңа басшылардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәжірибесі, кәсіби даярлығы және қысқа мерзімде нақты нәтиже көрсете алу қабілеті ескерілгені байқалады. Енді жаңа министрлерге артылған сенім олардың жұмыс нәтижесімен өлшенбек.

Қазір оқып жатыр

Күшті әсер ететін заттар Wildberries арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде сатылған

күшті әсер ететін дәрілер

Сүлейменов Ұлттық қордан алынатын 5 трлн теңге инфляцияға қалай әсер ететінін айтты

инфляция

Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрілігінің жаңа басшысына бірқатар міндет жүктеді

Ақпарат және мәдениет министрін қабылдады

Талғарда қылмыстық істі тоқтату үшін тегін демалмақ болған екі полицей ұсталды

Маңғыстау