Цой: Еліміздің барлық өңірінде шектеу шаралары күшейді
Коронавирус жұқтыру көрсеткіштерінің өсуіне байланысты еліміздің барлық өңірде шектеу шаралары күшейтілді.
Алматы, NEGE. Бұл туралы ведомствоаралық комиссия отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Соңғы 2 аптада Маңғыстау облысында Covid-19 инфекциясын жұқтыру 2,7 есеге, Ақтөбе облысында 2,1 есеге артқан. Вице-премьер Ералы Тоғжанов мұны аталған өңірлердегі вакциналау қарқынының төмендігімен байланыстырды. Мәселен, Маңғыстау облысында тиісті контингенттен халықтың небәрі 19,7%, Ақтөбе облысында – 31,4%, Батыс Қазақстан облысында 31,6% екпе салдырған. ВАК төрағасы халықты вакциналаудың пайдасы мен тиімділігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, әсіресе, Алматы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында карантиндік режимді сақтауды бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмыс белсенділігінің жеткіліксіз екені айтылды. Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаумен қамтуды ұлғайту қажеттігін тапсырды.